Қарағанды облысында лаңкестерді дайындау туралы қылмыстық істе фигуранттардың бірі тергеуге жәрдемдесті. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА адвокат Ғалым Нұрпейісовтің берген ақпаратына сілтеме жасап хабарлайды.
«Менің қорғауымдағы Ерлан Үсенов қатысушы екенін мойындады. Басынан бастап ол ұсынысқа күдікпен қараған. Ұсталған сәттен бастап тергеумен ынтымақтаса жұмыс істеп, жәрдемдесті. Сондықтан тергеу уақытында процессуалдық келісімге келдік», - деді Нұрпейісов.
Оның айтуынша, қорғалушы процессуалдық келісімнің барлық шарттарын орындаған. «Ол құпия орында сақталған барлық жарылғыш заттарды көрсетті, айғақты дәлел берді. Тергеуге белсенді көмек көрсетті. Процессуалдық келісімде жазаны жеңілдету шарасын қабылдауды көрсеттік», - деді адвокат.
Оның айтуынша, жасырын орында 11 келі жарылғыш зат болған. Қылмыстық істің басқа егжей-тегжейін адвокат ашпады. «Бұл қылмыстық істің материалдары, әлі де зерделенеді», - деп атап өтті ол. Адвокат лаңкестік топты құруға не итермелегенін анықтау қажет екенін айтты. «Біз бұл жағдайға не түрткі болғанын анықтайтынымызға сенемін. Мұндай оқиға Ақтөбеде де, Алматыда да орын алды. Ең бастысы, болған оқиғаға не себеп болғанын анықтау», - деп атап өтті Нұрпейісов.
Фото: www.inform.kz