Бүгін Кейкі батырдың бас сүйегі қашан жер қойнына берілетіндігі белгілі болады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейкі батырға қатысты қазір сағат 12.00-де Иманғали Нұрғалиұлында (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары) үлкен жиналыс болады. Бүкіл біздің ғалымдар, Қостанайдың әкімі осы жерде»,- деді министр.
Осы ретте БАҚ өкілдері Кейкі батырдың бас сүйегі қай уақытта, қай жерге жерленетіндігін сұрады.
«Комиссияның шешімін алдын ала айтқан ыңғайсыз ғой. Әрине, Кейкі батыр - біздің мақтанышымыз. Шараны жоғары деңгейде өткізу үшін қазір арнайы жиналып отырмыз. Ол комиссияға сенатор Серік Ақылбай, Мырзатай Жолдасбеков және басқа да белгілі ғалымдарымыз кірген»,- деді ол.
Сонымен қатар министр Кейкі батырдың бас сүйегін Венгрияға неліктен ұшақтың эконом класымен жеткізілгендігін де түсіндіріп берді.
«Бас сүйекті ғалымдар (Венгрияға) апарды. Мәселен, ғалым бизнес класпен барса, заң бұзушылық болады. Орталық музейдің директоры бизнеспен класпен ұшса, сіздер ол неліктен бизнеспен класпен ұшады дейтін едіңіздер», - деді Мұхамедиұлы.
Фото: www.inform.kz