Ерлікпен қаза тапқан маңғыстаулық батырдың орденін Ресей Президенті В. Путин 73 жылдан кейін отбасы мүшелеріне қайтарып берді. Осылайша 2-ші дүниежүзілік соғыстың тағы бір ақтаңдақ бетіне нүкте қойылды. Бұл жаңалық маңғыстаулық Тегісбаевтар отбасына қатысты, деп жазады zakon.kz.
1943 жылдың күзінде қызыләскер Серді Тегісбаевтың қаза тапқанын жеткізген «қара қағаз» оның ағайын-туысының қабырғасын қайыстырды. Бұдан да ауыр болғаны – «қара қағазда» отағасының қайда, қашан қаза тапқанының жазылмауы. Елі үшін жаумен алысқан батырдың сүйегінің қайда жерленгенін білген жан болмады.
- Әкеміз соғысқа кеткенде, артында қалған анамыздың қолында үш бала едік, - деп бастады әңгімесін батырдың қызы Шорхат апа (ауылдастары Зина деп атап кеткен). – Әпкем Меңдіхан мен інім Жұмағұл үшеумізден кейін, тағы бір ініміз Аманқұл дүниеге келді. Жарты жыл бұрын соғысқа кеткен күйеуінің қаралы хабарын жаңа босанған анамызға туыстары айтпай, біразға дейін жасырып жүрді. Бәрінен бейхабар анамыз әкемізді тосумен болды.
Серді Тегісбаев Маңғыстау облысында 1910 жылы туған. Отағасы Тегісбайдың шаңырағында бес ұл мен екі қыздың кенжесі болып дүниеге келген. Жастайынан қағілез болып өскен Серді 1936 жылы педагогикалық училищеде білім алған. Кейін ұзақ жыл бойы бастауыш сыныптың мұғалімі қызметін атқарған. Соғыс басталғанда Серді Тегісбаев Түркмен ССР-і Красноводск ауданы Қошоба ауылына ұстаздық қызметке ауысады. 1943 жылы үшінші наурызда Красноводск қаласы әскери комиссариатынан әскер қатарына шақыртылып, 33 жасында майданға аттанады.
Жылдар өте ержеткен ұлдары Жұмағұл мен Аманқұл із-түзсіз кеткен әкелерінің хабарын білмекке Украина мен Польшаны шарлап, іздеу салды. Алайда, еш жерден ешбір дерек табылмады. Қос ағайындының іздеу жұмыстарын өздері өмірден өткен соң балалары жалғастырды. Олар жаңа заманның жетістігі - ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, іздеу сайттарын ақтарып шықты.
«Ғаламтор арқылы екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан сарбаздар жөніндегі мәліметтер сақталған форумға сұрау салдық. Ол жерден адамдарға өз туыстарын табуға көмек көрсететін ерікті отрядтардың электрондық адрестері табылды. Бірақ мәселе басқада болып шықты. Ол кезде құжаттар қолмен жазылатындықтан, «Тегісбаев» деп жазудың орнына құжаттарда «Тежебаев» деп толтырылып кеткен екен. Осылайша, «Тегісбаев» тегінің қате жазылуы ұзақ жыл бойы атамызды іздеп табуға кедергі болды. Әкелеріміздің бізге тапсырып кеткен аманатын орындап, атамыздың қаза болған жерін тапқанымыз біздің әулет үшін зор қуаныш болды, - дейді Сердінің немересі Ислан Тегісбаев.
Былтыр 23 ақпанда Украинадан қызыләскер Тегісбаев Сердінің қаза табу тарихы нақты көрсетілген жауап та келді. Хатта сол кездегі оқиғалар туралы құжаттарды көруге болатын сайт та көрсетіліпті.
Енді құжаттарды сөйлетейік. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, 72 жыл өткеннен кейін дерегі табылған жауынгер Серді Тегісбаев Украинадағы Донецк облысының Краматорск қаласында 1943 жылдың 9 қыркүйегінде сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Жауынгер Алексеевка ауылындағы бауырластар зиратына жерленген. Ол фашистермен танкке қарсы атқыштар жеке батальонының құрамында шайқасып жанқиярлық көрсеткен. Ол туралы батальон командирінің жазбасы айғақтайды.
Тегісбаев Серді қаза тапқаннан кейін, көрсеткен ерлігі мен ержүректігі үшін «Отан соғысының І дәрежелі» орденімен марапатталған.
«Отан соғысы» ордені – Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде бекітілген советтік бірінші награда. Оның иегері қаза тапса, орден оның отбасы мүшелеріне тапсырылатын болған. Аталарының осы бір ардақты марапатына қол жеткізуді Тегісбаевтар әулеті алдына мақсат етіп қойды. Бұған байланысты Ресей Федерациясының Президенті әкімшілігімен, Ресей Қорғаныс министрлігімен былтырдан бері орденді отбасына тапсыру жөнінде хат алмасу басталды.
Архивтік құжаттар расталып, ретке келтірілген соң Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қолы қойылған мемлекеттік награда туралы №019749 куәлік батырдың көзі Шорхат апамызға табысталды.
Серді Тегісбаевқа жанқияр ерлігі үшін берілген «Отан соғысының І дәрежелі» ордені енді ұрпақтардың асыл мұрасына айналды. Батырдың ұрпақтары болса, осынау қыруар шаруаны атқаруға атсалысып, көмек қолын созған Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне, ҚР Қорғаныс министрлігіне, ҚР Сыртқы істер министрлігіне және Маңғыстау облысының әкімдігіне шынайы алғыстарын білдіріп отыр.
Осылайша, соғыс салған жараның орны жазылмаса да, Тегісбаевтар әулеті 72 жыл бойы салмақ болған белгісіздік жүгінен құтылды.
Тегісбаев Серді атамыздың шаңырағын құлатпаған жары Бибіажар 4 баланы бағып өсірді. Олардан тараған 25 немере, 96 шөбере, 25 шөпшек еліне қорған болған батыр бабаларының теңізден терең, таудан биік өмірлік өнегесін ту етіп өмір кешуде.