Кішігірім жанар-жағармай құю стансалары бензинге түрлі қоспалар қосуға мәжбүр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «КНПЗ» ЖШС директорының орынбасары Аманай Махметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«КНПЗ» ЖШС-ның басқарушы директоры Дәулет Қалихановтың айтуынша, бүгінде елімізде 4700-ге жуық жанар-жағармай құю стансасы бар. Оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны шамамен 4300. Мұның 326-сы ҚазМұнайгазға, 270-сі Гелиосқа және 131-і Синойлға тиесілі.
«Біз компаниямызды Энергетика министрлігінің мұнай өнімдерін бөлу кестесіне қосу есебінен ҚазМұнайГаз,Гелиос, Синойлдан кейінгі ең ірі төртінші ЖҚС ретінде олармен бірдей тіпті шалғай өңірлердегі жанар-жағармай құю стансаларын жанармаймен қамтамасыз етуді мақсат еткен едік. Қыркүйек айында бізді Энергетика министрлігі бөлу кестесіне қосты. Біздің серіктестік желіміздің жалпы тұтыну көлемі шамамен 80 мың тоннаны құрайды. Өтініш берілген көлемнің тек 1660 тоннасын ғана алдық. Бұл тек Оңтүстік Қазақстан облысына ғана қажеттіліктің небәрі 2 пайызын құрайды»,- деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, ҚазМұнайГаз болса 78 мың, Гелоис 36 мың, Синойл 41 мың тонна жанармай алған.
«Мұндай төмен көлем алғаннан кейін бұл жайт біздің нарықтағы жаңа ойыншы екендігімізге және бөлу кестесіне алғаш рет қатысып отырғанымызға байланысты шығар, келесі айда дұрысталар деп ойладық. Алайда, қазан айында бірде-бір тонна бензин бөлінген жоқ. Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі мұны Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында жоспарлы жөндеу жұмыстарының басталуымен түсіндіруде»,- деді Д.Қалиханов.
Дегенмен, оның айтуынша, жоғарыда аталған үш алпауыт компания қыркүйек айынан да жоғары көлемде мұнай өнімдерін алған. «Біздерге ресурстардың қандай жолмен бөлінетіндігі түсініксіз», - деді ол.
Ал «КНПЗ» ЖШС директорының орынбасары Аманай Махметовтың айтуынша, Энергетика министрліктің кестесіне сәйкес жанармай ала алмағандықтан көптеген мекемелер оны көрші елдерден сатып алуға мәжбүр.
«Көрші елдерде жанармай бізбен салыстырғанда 15-20 пайызға қымбат. Сол себепті кішігірім жанар-жағармай құю стансалары жанармайға түрлі қоспарлар қосуға мәжбүр. Сондықтан олардың жанармайлары сапасыз болып отыр», - деді ол.
Фото: www.inform.kz