Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы көбейіп барады

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Уәлихан Галиевтің айтуынша, жыл басынан бері Көкшетау қаласында өткен спорттық сайыстарға қатысқандардың 80 пайызы – жастар.
Көкшетауда өз-өзіне қол жұмсап, қасақана жанын қию жағдайы азаймай отыр. Бұл туралы қалалық әкімдік жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Кеңесте ата-анасының қарауынсыз қалып, қаңғыбастыққа салынған балалар мен жасөспірімдерге көбірек назар аудару қажеттілігі сөз болды. Бұл мәселе жайдан-жай көтерілген жоқ. Соңғы кездері уақытын босқа өткізіп, отбасы тәрбиесіне көнбей, қаңғыбастыққа салынып жүретін жасөспірімдер қатар көбейіп кеткен.

«Олардың қылмысқа баратындары да бар. Биылғы жылдың он айында жасөспірімдер тарапынан 10 қылмыс түрі жасалған. Оның ішінде тонау, ұрлық, адамдарды саудалау, бопсалау кездесті. 9 студент, 3 колледж оқушысы тіркеуге алынып, ата-анасына айыппұл салынды», – дейді Көкшетау қалалық ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Айжан Көшкенова.

Бүгінде ювеналды полиция бөлімшесінде тәртібі нашар 162 бала бар. Баласын қараусыз қалдырған 648 ата-ана жауапқа тартылған. 55 жасөспірім мас күйінде, 347 жасөспірім темекі шеккені үшін қолға түскен. 16 жасқа жетпеген қыздардың жүкті болып қалуы да алаңдатады. Биыл 2 студенттің жоғарғы қабаттан секіріп, өз өмірін қиюы көпшіліктің жағасын ұстатты.Тіпті Көкшетау қаласындағы мектептердің бірінде оқитын жоғары сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткені ойлантарлық жәйт. Қалада суицизм фактілері көбейген. Мұның бәрі бала тәрбиесінің ақсап жатқанын және ата-анасының дұрыс көңіл бөлмеуінен екенін айтады мамандар. Сондықтан, полиция қызметкерлері мұндай балаларды бірге тәрбиелеуге шақырды. Қазір дәл осындай 206 бала спорт секциясына тартылыпты. Бұл, әрине, аздық етеді.

«Жасұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Закировтың айтуынша, оларды түрлі форум, акция, мерекелік шараларға көбірек қатыстыру керек. Тіпті сауықтыру орталықтарына тегін жолдама алып беріп, жақсы ортаға бейімдеу қажет.

«Оларды шеттетпей, түрлі мәдени шаралардың ортасына әкеліп, белсенді жастармен қатар отырғызып, жаңа өмірге бейімдесек, күні ертең-ақ жақсы азамат болып қалыптасады», – дейді ол.

Ал, қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыс орталығындағы және Красный Яр селосындағы мектептердің спорт залдарына қатысты мәселе көтерді. Яғни, оларды кешкі уақытта жастардың бойын сергітуіне беру қажет. Сондықтан мектеп басшылары спорт залдарын денесін шынықтырамын деген жастарға кешкісін ашып беруі тиіс. Қала әкімінің орынбасары осыны назарға алуды жүктеді.

«Феникс» волонтерлер қозғалысының жетекшісі Сұлтанбек Бекешевтің айтуынша, өз еркімен осы ұйымға мүше болған жастар қажет көмекті тегін жасайды. Тұрмысы төмен отбастарына киім-кешек, азық-түлік қажет болса, дәл осы волонтерлер оны ұйымдастыруға дайын екендігін жеткізді. Жалғызбасты қарияларға да көңіл бөлінген. Оларға отын-көмірін үйіп беру жұмыстарына да осы жастар араласады. Сондай-ақ, келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін туристерге көмек көрсететін жастар арнайы курстардан өтіп жатыр екен.

Қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Уәлихан Галиевтің айтуынша, жыл басынан бері Көкшетау қаласында өткен спорттық сайыстарға қатысқандардың 80 пайызы – жастар.

«Бұл – жақсы көрсеткіш. Бір мәселе, орталық саябаққа қойылған воркаут қондырғылардың еш жерде тіркелмей тұрғаны. Олар істен шықса, оны жөндеуге ешкімді міндеттей алмайсың», – дейді бөлім басшысы.

Кеңеске қатысушы жастар Красный Яр селосында 1-2 спорт алаңы қажет екенін алға тартты. Бұл келесі жылғы жоспарға енгізілді.

Фото: Likar.info
Следите за новостями zakon.kz в: