Павлодарда бір күннің ішінде көктайғақтың кесірінен 100-ден астам адам жарақат алған

Бірнеше күннен бері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеген коммуналшылар шаһар көшелерін қардан тазалап әлек.
Павлодарда бір күннің ішінде көктайғақтың кесірінен жарақат алған 100-ден астам адам дәрігерлердің көмегіне жүгінуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Мертіккендерге ем-дом жасаған ақ желеңділер қазірдің өзінде жарақат бөлімінің лық толы екенін айтады.

- Күніне түрлі жарақат алған 100-ге жуық науқас түсуде. Көбі - қарт адамдар. Мұзға құлағандардың арасында жас балалар да бар. Олардың арасында құлап, жамбас сүйегін сындырған ер адамға ота жасалмақ, - дейді Павлодар қаласы №1 ауруханасы жарақат бөлімшесінің дәрігері Ерғанат Шахатов.

Айта кетерлігі, бірнеше күннен бері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеген коммуналшылар шаһар көшелерін қардан тазалап әлек. Таңнан бері жолдарға құм мен тұз сепкен олар осылайша қауіптің алдын алуға тырысуда. Полицейлердің айтуынша, көк тайғақтың кесірінен өңірде бір тәулік ішінде 15 жол апаты тіркеліп, қала көшелерінен 7 мың тонна қар сыртқа шығарылған. Қарды тазартуға 130 техника мен 200-ден аса адам жұмылдырылған. Синоптиктердің пікірінше, алдағы күндері ел аумағында қар жауып, аяз көтеріледі деп күтілуде.

Авторы: Айгерім Жанкашова

Фото: Рavlodarnews.kz

Следите за новостями zakon.kz в: