Алматыдағы атжалмандардан пастереллёз, листериоз және иерсиниоз ауруының белгілері табылған. Бұл туралы Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері айтты, деп жазады Алматы телеарнасы.
Оларды жою үшін республикалық бюджеттен 25 млн теңге бөлініпті. Қаржыға 38 мың гектар аумақ дәріленеді. Қазір қалада екінші кезекті күзгі дератизация жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінге дейін 70 пайыз яғни, алты ауданның аумағы тексеріліп, улы бидайлар себілген. Қалған екі аудан 21 қарашаға дейін толық дәріленеді. Егеуқұйрықтардың көбеюіне тұрғындар да кінәлі екен. Өйткені, қоқыс қалдығын кез келген жерге тастай салады. Нәтижесінде, атжалмандар сол аумаққа жиналып алады.
«Мысалы, Сингапурде бір атжалман үшін 60 доллар бөлінеді. Соның өзінде толық жою мүмкін емес. Біздің пайдаланатын улы бидай 4-5 күнде әсер етеді. Яғни, дәрі себілген аумақта бір аптадан кейін атжалмандар көзге көріне бастайды. Уланған егеуқұйрықтар ашық жерге шыға бастайды. Ол үшін алаңдаудың қажеті жоқ», - деді Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Қайрат Баймұхамбетов.
Фото: www.almaty.tv