Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары дұрыс жүргізілмейді

Сауалнама нәтижесі бойынша жемқорлыққа бейім саланың көшбасында медицина тұр. Сұраққа жауап бергендердің 63 пайызы дәрігерлердің пара алатынын айтқан.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмыстары өз деңгейінде өтіп жатқан жоқ. Ақтөбе облысындағы басқармалардың ресми сайтында сұрақ-жауап бөлімі қарастырылмаған, сенім телефондары істен шыққан. Қағаз жүзінде жұмыс істейтін басшылар былтырғы шараны биыл өтті деп есеп берген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Қайыржан Тоқышев мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz.

Пара беру, пара алу да қылмыс екенін күн сайын түсіндіріп, мемлекеттік қызметкерлердің сөйлеу мәнері мен өзін ұстауын жіті қадағалайтын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті өңірдегі мемлекеттік салалардың жұмысын сынға алды. Басшылары интернет ресурстарға көңіл аудармайды, сайт беттерінде сұрақ-жауап бөлімі мүлде қарастырылмаған. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы материалдардың пайдасы аз. Әрі сенім телефондарына сенім жоқ. Көбі ескі нөмірді өзгертпеген.

«Сенім телефоны – әлеуметтік қызметтің бір түрі. Сондықтан сұраққа білікті маман жауап беруі қажет. Қазіргі күні экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармаларында сенім телефоны дұрыс жұмыс істемейді. Басқарма басшылары селқос қарайды. Сайттарда агенттіктің ескі нөмірі жазулы тұр. Ал қазір 1424 нөміріне хабарлауы сұралады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарына байланысты өткізілген семинарлардың басым бөлігі өз қызметкерлеріне арналған. Бұл жерде мемлекеттік қызметті пайдаланушылар назардан тыс қалған», – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Қайыржан Тоқышев.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстарын өткізуде басқарма басшылары көзбояушылыққа барады. Мәселен, Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу, индустриялық-инновациялық даму секілді белді басқарма басшылары жоспарды орындауға асығып, былтыр өткен жиын, шараны биыл тағы өтті деп есеп берген. Көбі жиынға қатысушыларды есеп үшін жинайды. Сонымен қатар, Ақтөбеде жемқорлық жайлаған саланы анықтау үшін сауалнама жүргізілді.

«Сауалнама нәтижесі бойынша жемқорлыққа бейім саланың көшбасында медицина тұр. Сұраққа жауап бергендердің 63 пайызы дәрігерлердің пара алатынын айтқан. Ал екінші орында білім саласы келеді. Мектептермен қатар, балабақша меңгерушілерінің де жемқорлыққа бейім екені анықталды», – Қайыржан Тоқышев.

Айта кетейік, Ақтөбе мектептері мен балабақшаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар ұйымдастырылған. Бұл жұмыс сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.

Авторы: Алтынай Сағындықова

Фото: baq.kz

Следите за новостями zakon.kz в: