Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей Академиясының корпоративтік басқару жоғарғы мектебінің (одан әрі -РФ Президенті жанындағы ХШ және МҚРА КБЖМ) академигі Абел Аганбегян мен Ресейдің еңбек сіңірген экономисті, экономикалық ғылымдарының докторы және аталған оқу орнының деканы С.О. Календжянмен кездесті. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Мәртебелі меймандар кездесуде РФ Президенті жанындағы ХШ және МҚРА КБЖМ-і Оңтүстік Қазақстан облысымен байланыс орнатуға ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, өңірдегі кадрлардың біліктілігін арттыруда бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына ену үшін түрлі салаларда білікті кадрлардың болуы керектігіне тоқталған облыс әкімі, аталған оқу орнының жоғары білікті жетекшілерінің ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Ресей Академиясының корпоративтік басқару жоғарғы мектебі Ресей мен ТМД елдері арасында басқарушы кадрларды оқытудың корпоративті бағдарламаларын жүзеге асыруда 20 жылдан астам уақыттан бері бизнес-оқытуда көшбасшы болып табылады.
ХШ және МҚРА КБЖМ Қазақстан Республикасындағы әріптесі болып табылатын «Дипломат» консультатциялық тренинг орталығы» ЖШС-мен бірлесіп оқыту бағдарламаларының түрлі курстарын жүргізді. Атап айтқанда, олар - жетекшілер үшін басқарудың іскерлік шеберлігі (Executive MBA), іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA), корпоративтік курстар мен тренингтер.
Белгілі ғалым, академик Абел Аганбегян Ресейдегі бірқатар өңірлердің экономикалық даму тұжырымдамасы авторларының бірі. Сондай-ақ, ол өнеркәсіп өндірісі саласын ұйымдастыру мен еңбек өнімділігі, жалақы, макроэкономика, эконометрика және менеджмент салаларының жетекші маманы болып табылады.
Фото: ontustik.gov.kz