Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Ордабасы ауданы жастары арасында "Тәуелсіз елдің ұланымыз!" суретшілер байқауы өтті. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
14 пен 29 жас аралығындағы өнерлі өрендер еліміздің егемендігін қағаз бетінде бейнелеп, көпшіліктің назарына ұсынды. 38 үміткер өз туындысын бәйгеге қосып, қазылар алқасының төрелігіне жүгінді. Байқау нәтижесінде "Батсу" негізгі орта мектебінің оқушысы Н.Жақсылықова бас жүлдені иеленіп, "Кәусар" гимназиясынан Қ.Ерболатұлы - І, Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектеп оқушысы Д.Нұртаев - ІІ, Амангелді жалпы орта мектебінен Ж.Сайлаубек ІІІ орынды өзара бөлісті.
Аудандық Жастар орталығының директоры М.Сайлыбаев байқауға қатысушыларға ерекше ризашылығын білдірді. Қазақстанның Тәуелсіздігі - баға жетпес байлығы екенін айта келе, жастарды жақсылыққа үндеді. Жүлдегерлерге аудан әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Байқауға қатысқан үміткерлер дәл осындай байқаулар тұрақты түрде өткізілсе деген өз ұсыныстарын жеткізді. Айта кетуіміз керек, осы уақытқа дейін ауданда суретшілердің шығармашылық әлеуетін көтеру бағытында көптеген шараларды ұйымдастырып жүрген бірлестік аудандағы талай жас суретшілердің облыс көлеміндегі шараларда танылуына ықпал етіп келеді.
Фото: ontustik.gov.kz