21 қарашадан бастап елімізде ескі көліктерді қабылдау Бағдарламасы басталмақ. Бағдарлама ережесіне сәйкес салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөліктер қабылданады. Ал тозығы жеткен техниканы жоюға өткізген көлік иесі ақшалай өтемақы алады, деп жазады Алматы телеарнасы.
Берілетін өтемақы көлемі көліктің техникалық жиынтығына қарай екі санат бойынша анықталады. Яғни, бөлшектері толық көлік 150 мың теңге және толық емес жиынтықтағы көлік 48 мың теңгеге бағаланады. Бағдарламада көліктің жылына қатысты ешқандай да шектеу жоқ. Сонымен қатар, апатты автокөліктер де жиынтық санаты бойынша қабылданады.
"Ескі көліктерді қабылдайтын орталық еліміздің 17 қаласында жұмыс істейді. Еліміздің энергетика министрлігі тарапынан 10 мың көлікке квота бөлінді. Тозығы жеткен темір тұлпардың құжаттары міндетті. Яғни, көліктің техникалық құжаты және иесінің жеке куәлігі сұралады. Сосын өтемақы аударылатын банктың шоты керек",- деді "Өндірушінің кеңе"тілген міндеттемелері операторы" ЖШС басқарушы директоры, Рустам Темірбек.
Жоба бойынша жыл соңына дейін тозығы жеткен 10 мың ескі көлік қабылданады. Квота саны аймақтағы ескі көліктердің санына қарай бөлінген. Бағдарлама бекітілгеннен кейін алдағы уақытта тозығы жеткен көлік иелері сертификат арқылы отандық автоөндірушілерден су жаңа көлікті жеңілдікпен сатып алуына болады.
Фото: Chaspik NewsPaper