Талдықорғанда жер үйлердің бірінде пеш жарылып, екі адам мерт болды, деп хабарлайды Baq.kz. Үшіншісі ауруханада жатыр.
Қайғылы оқиға Талдықорғанда кеше кешкі жетілер шамасында болған. Жер үйде тұратын үш ер адам пеш жақпақ болған, алайда кенеттен пеш жарылып кетеді. Жарылыстың қатты болғаны соншалық, екі адам оқиға орнында тіл тартпай кетті, ал 36 жастағы үшінші ер адам ауыр жарақатпен ауруханаға жатқызылды.
Көршілердің айтуынша, зардап шеккен тұрғындар үй шаруасына селқос қараған әрі өздері жиі мас боп жүретін көрінеді.
«Үй иелері пешті бірнеше күн бойы жақпағандықтан, батареялар қатып қалған. Ал кеше аямай от жаққаннан жарылыс болған», - дет түсіндірді Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Азамат Жұртбаев.
Ведомстводан атап өткендей, қазір өрт сөндірушілер үйлер мен пештердің жай-күйін тексеріп жатыр.