Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде Судьялық әдеп кодексінің жобасы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Судьялардың жаңа әдеп кодексінде 15 бап қамтылған. Мәселен, бірінші бапта судья берілген антына берік болуға, оның әрекеттері судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, сот төрелігін іске асыруға, қоғамдық қызмет пен тұрмысқа байланысты кез келген іс-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріп-тұрудың көріністеріне жол бермей, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиістігі қамтылған.
Ал екінші бапта судья өзінің кәсіби қызметін атқарған кезде заңға бағынуға және кез келген сырттан ықпал етулерге жол бермеуге, бұл тыс байқаушыға да айқын болатындай, кімнен шыққандығына қарамастан қыр көрсетулерге, қысым жасау мен құқықтық емес әсерлерге, сот процесіне тікелей немесе жанама араласуға қарсы тұруға тиіс екендігі айтылған.
Үшінші бапта сот жүйесінің абыройын түсіруі мен сот төрелігінің мүдделеріне залал келтіруі мүмкін түсіндермелерден тартынуы қажеттігі қатаң ескерілген. "Судьяның кәсіби қызметі саяси мақсатты көздейтін саяси партиядағы немесе қоғамдық бірлестіктегі мүшелігімен ұштаспайды. Ол осындай қоғамдық бірлестіктерді қолдап, жария сөз сөйлеуге, олардың саяси өміріне қатысуға тиіс емес. Судья нақты іс бойынша шешім шығаруға байланысты емес мемлекеттік, саяси қызметті регламенттелмеген жария бағалаудан аулақ болуға тиіс. Осы баптың ережелері судьяның саяси және қоғамдық өмірдің кез келген мәселелері бойынша пікірін білдіру бостандығына құқығын шектеу ретінде қаралуға тиіс емес",-деп атап өтілген Кодекстің алтыншы бабында.
Осы Кодекстің ережелерін өрескел немесе бірнеше мәрте әдейі бұзғаны үшін судьяға қатысты адамның жазбаша өтінішінің негізінде немесе судьяның судьялық әдепті бұзу туралы жарияланған фактісі бойынша бұқаралық ақпарат құралының жүгінуі бойынша Судья әдебі жөніндегі комиссия туралы ережеде көзделген қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Судья әдебі жөніндегі комиссияның шешімінде көрсетілген қорытындылар Сот жюриі өзінің регламентінде көзделген тәртіппен тәртіптік өндірісті қараған кезде ескерілуі мүмкін.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін елімізде кеңінен талқыланған Судьялардың жаңа әдеп кодексінің жобасы тек судьялар корпусы ғана емес, тұтастай қоғам үшін де маңызды.
Фото: AlashInform.kz