Жыл өткен сайын екпеден бас тартатындар саны артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш тіпті 2,7 есе артқан. Былтыр олардың қатары 3 мың адам болса, соңғы 11 айдың өзінде бұл сан 8 мыңға жеткен. Бұл алаңдатарлық жағдай дейді дәрігерлер. Ақ халаттылар мұны халықтың дұрыс ақпарат алмауымен байланыстырады, деп жазады Алматы телеарнасы.
«Негізгі ақпараттандыру, яғни екпені қолдану жөніндегі күнтізбе барлығы кез келген медициналық мекеме болсын, сіздердің медициналық мекемедегі медициналық бөлме болсын, барлығында ол көрсетілген және бейнеленген», - деді «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстан медицина университетінің медициналық директоры Ержан Өтеулиев.
Елімізде жыл сайын жұқпалы ауруларға қарсы 5 миллион адам екпе алады. Оның ішінде 1,3 миллион бала бар. Екпе егілмеген балалар кейін түрлі ауруға ұшырауы мүмкін. Сондықтан ата-аналар арасында насихат жұмыстарын жүргізуді мықтап қолға алу керек дейді мамандар. Олардың айтуынша, әзірге иммунитеттің вирусқа қарсы төзімділігін көтеретін тек екпе болып отыр.
«Қазіргі таңда Қазақстанға тиімділігі жоғары және қымбат вакцина әкелінеді. Медициналық қызметкерлер қателік жібермеуі үшін екпелердің 98 пайызы бір дозалық мөлшерде сатып алынады», - деді СЭС ғылыми-практикалық орталығының Департамент директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева.
Фото: gosrf.ru