ҰБТ-да бір сұрақтан екі ұпайды қай пәндерден алуға болады

Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматына сәйкес, "Алтын белгі" атағын мектептердің өздері растайды. Оны ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде дәлелдеудің қажеті жоқ.
Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматын таныстырған білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тест сұрақтарының 120-ға дейін азайғанын, алайда кейбір тапсырмалар бойынша екі ұпай алуға болатынын жеткізді. Сөйтіп, ҰБТ-дан ең жоғары - 140 ұпайды жинауға мүмкіндік бар. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Дархан Ахмед-Заки аталған екі ұпай қай пәндердің сұрақтары бойынша берілетінін түсіндіріп берді.

"Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде ондай сұрақтар мектеп түлегі өзі таңдайтын профильді пәндердің ішінде болады. Негізгі үш пәнде (математика, Қазақстан тариxы, қазақ тілі немесе орыс тілі - авт.) ол сұрақтар болмайды", - деп атап көрсетті Д.Аxмед-Заки. Ал мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева бір сұрақтан екі ұпай алудың жолын түсіндіріп берді.

"Бір сұрақтың ішінде екі дұрыс жауап болады. Мәселен, "Отан соғысы қандай жағдайда болды?" деген сұрақтың ішінде бес жауап болса, соның екеуі дұрыс жауап болып саналады. Біреуі белгіленсе, бір ұпай, екеуін де дұрыс тапса, екі ұпай беріледі",- деп атап көрсетті Ж.Жонтаева.

Оның айтуынша, бұндай тапсырмалар мектеп емтиxанында да болады. Себебі екі пән тестпен қабылданады. Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ерлан Сағадиев ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматы бойынша есеп берді. Келесі жылдан бастап түлектер мектеп дипломын алу үшін емтиxан тапсырады. Ал жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру қажет. Министрдің айтуынша, мектепті бітірген кездегі емтиxан бес пән бойынша өткізіледі. Соның ішінде төртеуі міндетті, біреуі оқушының таңдауына қарай қабылданады.

"Бүгінде барлық мектептерде ондай емтиxандар бар. Оны Ұлттық бірыңғай тестілеуге бармағандар тапсырып жүр. Сондықтан ешқандай өзгерістер жоқ. Бір жаңалық, бұған дейін емтиxан сұрақтарын облыстық білім беру басқармалары дайындаса, енді екі пән бойынша тест тапсырмаларын Ұлттық тестілеу орталығы әзірлейтін болады. Негізі, тест сұрақтары дайын. Сондықтан мектептерде ол сұрақтарды сынақтан өткізуге болады", - дейді Е.Сағадиев.

Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматына сәйкес, "Алтын белгі" атағын мектептердің өздері растайды. Оны ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде дәлелдеудің қажеті жоқ. "Ал ұлттық бірыңғай тестілеудің өзі жоғары оқу орнына түсу және мемлекеттік гранттарды тарату үшін өткізіледі. Тестілеудің форматы да өзгеріп отыр. Бұған дейін бес пән бойынша 125 сұрақ болған. Соның ішінде тек төрт пәннің 100 жауабы ғана ескерілсе, жаңа формат бойынша 120 сұрақ болады. Барлығы ескеріледі. Ең жоғары ұпай саны - 140. Себебі кейбір сұрақтар бойынша екі ұпай алуға мүмкіндік бар. Сөйтіп, ұлттық бірыңғай тестілеу бірте-бірте SIT-ге (System Integration Test) ауысып отыр. Тестілеу кезінде үш міндетті және екі салалық пәндер болады"- деп атап көрсетті министр.

Фото: yvision.kz


Следите за новостями zakon.kz в: