Мәжіліс депутаттары Жер кодексінің жекелеген нормаларының қолданысын 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтата тұруды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сіздердің талқылауларыңызға ұсынылып отырған заң жобасы Мемлекет басшысының үстіміздегі жылдың 18 тамызында қабылдаған Жарлығына сәйкес енгізіліп отыр. Жер реформасына байланысты қабылданған кейбір шешімдердің қоғамдық пікір тудыруына орай орын алған проблемаларды талқылай келе, мораторий жарияланған болатын. Оған орай үстіміздегі жылы 30 маусымда тиісті Заң қабылдады. Сол Заңда мораторийдің мерзімі ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін деп белгіленген еді»,- деді ол.
Осы ретте министрдің айтуынша, жер саласындағы проблеманы жер комиссиясы қараған кезде ауыл шаруашылығы саласындағы жерлердің деректі қорын жасау, қолданыстағы көптеген нормаларға өзгертулер енгізу, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің кадастрлық құнын қайта қарау мәселелері көтерілген. «Осыған сәйкес, жер комиссиясы Мемлекет басшысына ұсыныспен шықты. Ол ұсыныс ҚР Президенті тарабынан қолдау тауып, арнайы Жарлықпен 2016 жылдың 31 желтоқсанынан 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылып отыр. Сіздерге енгізілген заң жобасында осы бір ғана мәселе қаралады», - деді Мырзахметов.
Фото: Qamshy.kz