Тіл - мемлекетіміздің тірегі

Тіл мәселесі сандаған ғасырлар бойы жинақталған тәжірибе көрсетіп отырғанындай, қоғам өміріндегі күрделі құбылыс болып табылады.
«Тіл тағдыры - ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры - ел тағдыры» деп ана тілінің қадір-қасиетін биіктетуді асыл парызым деп ұғынатын қазақ халқы үшін бұдан артық мәртебелі міндет жоқ. Сондықтан да еліміз ғасырлар бойы діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесі - сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, тамырын кеңге жайған ауқымды мәселе.

Егемен мемлекетіміздің болашағының кемелдігі, түптеп келгенде, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебелі орнымен, елді ұйыстырар салмақты әулетімен өлшенеді.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесінің 1993 жылғы қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясында нақтылануы еліміздегі айтулы оқиғалардың бірі болды. Онда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деп танылды. Ана тіліміздің мәртебесі Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған 1995 жылғы Конституциясында одан әрі беки түсті.

Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары мемлекеттік тілдің беделін арттырып, жаңа деңгейге көтеру алда тұрған басты міндеттердің бірі болды. Сондай-ақ мемлекеттік тілге ресми қолдау көрсетумен қатар, оған бүкіл қоғам тарапынан қамқорлық жасау мәселесі де күн тәртібінде тұрды, деп ойын білдірді Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Е.С. Қосмұратов.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 4 қарашадағы № 3186 өкімімен бекітілген «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасында» Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес тілдік дамудың басым бағыттары мен тілдердің қызмет ету тетіктері айқындалды. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін дамытуға жағдай туғызу жөнінде міндеттер белгіленді. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің маңыздылығы және оны қызметтік қарым-қатынас тіліне айналдырудың тетіктері атап көрсетілді.

Осы Заңда Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздері, мемлекеттік тіл – қазақ тілін және басқа ұлт тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттер айқындалды. Егемен еліміздің тілге қатысты қабылдаған тұңғыш заңы – «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның 4-бабында қазақ тілінің конституциялық құқығы заңнамалық тұрғыда нақты көрініс тапты. Осы орайда республикада қолданылатын барлық тілдерге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етуге бағытталған міндеттер де анық белгіленгенін атап айтуымыз қажет.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

2006 жылдың 24 қазанында Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XІІ сессиясында жасаған баяндамасында: «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе - мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл - бұл Отан бастау алатын Ту, Елтаңба, Әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс» деп Қазақстан Республикасы ұстанып отырған тіл саясатының мәнін түсіндіре келіп, өзінің маңызды ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты бүгінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, Қазақстан Республикасы тіл саясатының тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29 маусымдағы № 110 Жарлығымен бекітілген Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы негізінде жүзеге асырылып келеді.

Қазіргі таңда мемлекет жүргізіп отырған тіл саясатының негізгі мақсаты - жинақталған оң тәжірибені пайдалана отырып, тіл саясатын жүзеге асырудың жаңаша тетіктерін табу болып табылады. Бүгінгі таңда Астана қалалық сотында міне осы бағытта жұмыс жүргізудеміз.

Фото: altaynews.kz
Следите за новостями zakon.kz в: