Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында дәстүрлі «Жас талап-2016» ғылыми жұмыстар байқауы мәреге жетті. Байқауға қатысуға 273 өтініш түскен. Соның ішінде 134 студент іріктеуден өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Бұл туралы zakon.kz ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Байқау мақсаты – институттың ғылыми және инновациялық әлеуетін дамыту, студенттер мен жас ғалымдардың ең үздік жобаларын анықтау және қолдау. Негізгі ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі.
«Байқау еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына септігін тигізетін үлкен теориялық және тәжірибелік маңызы бар, сондай-ақ жаңашылдығымен және өзектілігімен ерекшеленетін ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстарға, зерттеулер мен идеяларға негізделген үздік ғылыми және инновациялық жобалар үшін институттың студенттері арасында өткізіледі», – деді шара ұйымдастырушылары.
Байқау 4 секция бойынша жүргізілді. Атап айтқанда «Педагогика», «Психология, Дефектология, Әлеуметтік Педагогика және Өзін-Өзі Тану» (I секция), «Математика, Физика, Информатика», «Химия, Биология, География, Экология» (ІІ секция), «Тарих, Экономика, Құқықтану, Дінтану, Философия, Әлеуметтану, Саясаттану, Мәдениеттану, Филология» (ІІІ секция) және «Дизайн, Музыка, Мәдени тынығу жұмысы және Хореография, Бастапқы әскери дайындық, Дене шынықтыру ілімі мен әдістемесі, Бейнелеу өнері және сызу» (IV секция).
Байқау нәтижесі бойынша студенттер І-V орындарға ие болды. Олардың ішінен І, ІІІ орын алған 27 студент байқаудың Республикалық ІІ-турына қатысуға жолдама алды.