Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аппараттық мәжілістің кезекті жиыны өтті. Селекторлық отырысқа облыстық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 2 мәселе - облыстың 10 айлық нәтижесімен әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және Үкіметтік селекторда тындалатын мәселелер қаралды. Бұл туралы zakon.kz Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Жиындағы бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рахымберді Мулкемановтың мәліметінше, 2016 жылдың 10 айының қорытындысымен облыстың әлеуметтік – экономикалық дамуында оң серпін байқалуда. Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 643,1 млрд. теңгені құрап, республикада 3-орынға тұрақтаса, кен өндіру өнеркәсібінде 191,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылдың сәйкес кезеңінен 4 % артты. Өңдеу өнеркәсібінде 396 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп (8,5% артты), индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жыл басынан 3,9 млрд. теңгеге 4 жоба іске асыру арқылы 159 жұмыс орны ашылған.
Дегенмен, басқарма басшысының мәліметінше, алдын ала болжам бойынша жылдың қорытындысымен 10 индикатордың орындалмау қауіпі бар. Тарқатып айтсақ, аталған индикаторлардың 3-і кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму және туризм басқармасына, 2-і ауыл шаруашылығы басқармасына, 3-і жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, 2-і денсаулық сақтау басқармасына тиесілі көрсеткіштер.
Мысал ретінде айтсақ, инвестиция тарту туралы тапсырма бірқатар аудан, қалаларда төмен күйде қалып отыр. Дегенмен, аудан әкімдері соңғы екі айлық көрсеткішті қосып, кемшіліктерді түзетуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексінің жылдық жоспары 105% болса, 10 айда 101,2% құрап отыр. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның нақты көлемінің индексі бойынша жылдық жоспар 100,2% болса, нақты 29,8% құрап отыр. Жұмыссыздық деңгейі бойынша жоспар - 5% болса, салалық басқарма жылдың қорытындысымен 5,3% болады деп болжануда.
Жоғарыда көрсетілген салалардағы кемшіліктер бойынша басқарма басшылары мен тиісті аудан, қала әкімдерінің жауаптарынан соң, Ж.Түймебаев жыл соңына дейін индикаторлар көрсеткішін жоспарлы межеге жеткізіп, басқарма басшыларының бірігіп жұмыс істеу керектігін тапсырды.
Күн тәртібінде екінші мәселе ретінде «Үкіметтік селекторда тындалатын мәселелер» қарастырылды. «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жобасын әзірлеу мәселелері» бойынша облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков мәлімет келтірсе, «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының бірыңғай бағдарламасының тұжырымдамасы туралы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов баяндама жасады. Ал «Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері» бойынша облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Құралова айтты. Баяндамаларды тыңдаған облыс басшысы айтылған ұсыныс, пікірлерді жұмыс барысында басымдыққа алу қажеттігін ескертті.
Фото: ontustik.gov.kz