Елордада синтетикалық есірткі заттары контрабандасының ірі арнасы әшкереленді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
«2016 жылғы 1 желтоқсанда ҚР ҚМ МКК Экономикалық тергеулер қызметінің офицерлері синтетикалық есірткі заттардың контрабандасының ірі арнасын әшкереледі. Олар жедел-іздестіру шараларының аясында Астана тұрғыны С. деген азаматты ұстады.
Одан метилендиоксиметамфетамин (экстази) психотроптық заты бар 981 таблеткасы алынды», - делінген хабарламада. Ведомство ақпаратына сәйкес, тәркіленген есірткі партиясының қара нарықтағы болжамды бағасы 15 млн. теңгені құрайды.
Аталған факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді және ол бойынша тергеу шаралары жүргізілуде. «С. деген азамат сот санкциясымен қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды», - делінген ақпаратта.
Фото: nv86.ru