Ақтөбе қаласының Шевченко көшесіне тас жол төсеу жұмысы 2 желтоқсан күні түнде басталған. Мердігер мекеме «ЖК Строй» ЖШС жұмысшылары түн ішінде тұрғындардың есігін қағып, көліктерін басқа жерге қоюды сұрады. Ал сенбі күні бір қабатты асфальтты қар басып қалып, жұмысшылар оны тазартты, кейін қайтадан екінші қабатын төседі. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне Шевченко көшесінің тұрғындары айтып берді.
«2 желтоқсан күні түнде есігімді біреу қақты. Шықсам, жол салушы жұмысшылар екен. «Көлігіңізді басқа жерге қойыңыз, асфальт төсейміз» деді. Сол кезде қар жауып тұрды. Мен «Неге саласыздар?» дегенде, технология бойынша қар үстіне асфальт төсеуге болатынын айтты. Олар түнімен жұмыс істеп, сенбі күні екінші қабатын төседі»,- дейді Мұса Байрамов. Оның айтуынша, бұл көшеге күз айларында қиыршық тас төселіп, кейін тегістелген екен.
Ал 15 жылдан бері Ақтөбе қаласының Сүт зауыты ауданында тұратын Қасымхан Айтжанов Шевченко көшесіндегі жөндеу жұмыстарын көріп аң-таң. Кеш бата техникаларын жеткізіп, түн ішінде ширақ қимылдаған жол салушылардың ісіне күмәнмен қараған ол себебін сұрауға бата алмапты.
«Қазан мен қараша айларында қиыршық тас төселді. Ал желтоқсанда келіп қар үстіне асфальт салды. Бар болғаны үш сағат ішінде бітірді жұмысты. Біз жаңа технология бойынша жұмыс істеді деп топшалап жүрміз. Бірақ мынау көктемде қармен бірге еріп кететін шығар»,- дейді ол.
Бұл шала жұмыстан қалалық әкімдік хабардар. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғалидің айтуынша, жол жөндеу жұмыстарына бюджеттің 30 миллион теңгесі жұмсалған екен.
«Шевченко көшесіне орташа жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Көшеге жалпы ұзындығы 600 метр асфальт төселуі тиіс еді. Оның 550 метріне қалыпты ауа райы кезінде асфальт салынды. Тек 50 метрі қар жауған кезде төселді. Дегенмен арнайы қоспалар бар. Қоспа -4-5 градус аяз кезінде де асфальт төсеуге мүмкіндік береді. Бұрын бұл көшеде мүлде тасжол болмаған еді»,- дейді Р.Төреғали.
Оның айтуынша, егер көктем мен күзде тасжол үгітіліп, шұңқырлар пайда болса, «ЖК Строй» ЖШС мердігер мекемесі өз қаржысына жолды жөндеп беруге міндетті.
Еске салсақ, бұған дейін де қар жауған соң қаладағы Шернияз көшесіне ыстық асфальт төселген болатын.
Алтынай Сағындықова
Фото: zello.aktobe