Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аймаққа арнайы жұмыс сапарымен келген Түркия Республикасының дәрігерлерден жасақталған бір топ делегациясымен кездесті. Ерте жастағы балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту, нәрестелер өлім-жітімін төмендету мақсатындағы тәжірибесімен бөлісуге келген жұмысшы топқа Түркия Республикасы Үкіметі жанындағы ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі Түрік агенттігі (TIKA) ұйытқы болып, оны оқу бөлімінің бастығы Мустафа Хасим бастап келіп отыр. Бұл туралы zakon.kz ОҚО әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесуде тараптар бауырлас қос мемлекеттің қарым-қатынасы мен бірлескен жобалар жайын сөз етіп, бүгіннен басталатын шеберлік сабағының нақты міндеттері бойынша әңгімелесті.
Атап айтқанда, 2-4 желтоқсан аралығында Түркиядан келген мамандар облыстағы балалар мен босанатын әйелдерге медициналық көмек беру қызметінің дәрігерлеріне – неонатологтарға, офтальмологтарға, педиатрларға, акушер мамандарға, неонатальдық мейірбикелерге теориялық және практикалық дәрістер өтіп, біліктілігін жоғарылату бойынша арнайы оқыту курсынан өткізеді. Шеберлік сабағына 30-ға жуық маман қатысады деп жоспарлануда.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының халықаралық технологиялар орталығының базасында өтететін шарада жаңа туған балаларда кездесетін түрлі шұғыл жағдайлар (асфиксия, тыныс алу жеткіліксіздігі) кезінде тиімді реанимациялық көмекті сапалы жүргізе білуге, науқас және дені сау жаңа туған балаларға мамандандырылған күтім жасауға, ерте жастағы балалардағы көрудің бұзылыстарын уақтылы анықтауға оқыту бағдарламалары жоспарланған. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері жаңа туған балаларға реанимациялық көмек көрсету бойынша заманауи симуляциялық манекендерге тәжірибе жасап дағдыланады.
Осындай оқыту бағдарламасымен таныстырған түркиялық дәрігерлер мұндай тәжірибе алмасу шараларының бұған дейін әзербайжандық дәрігерлермен ұйымдастырылып, оң нәтиже көрсеткенін атап өтті. Осынау жетістіктерге қанық болған аймақ басшысы Ж.Түймебаев жұмысшы топқа сәттілік тіледі.
Айта кету керек, үш күндік дәріс кезінде ерекше көзге түсіп, арнайы емтиханнан сүрінбей өткен бірқатар медицина қызметкерлеріне сертификаттар табысталып, оларға Түркияда білімін жетілдіруге жолдама берілмек.
Фото: ontustik.gov.kz