Семей қаласына қарайтын 8 ауылдық округке қатысты табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Өйткені қардың тым қалың түсуіне байланысты мал шығыны болуы мүмкін-дейді мамандар. Жалпы Шығыс Қазақстанда биыл қыс ерекше қатал болып тұр. Синоптиктер өңірде 20 жыл бойы болмаған қыс қайталануы мүмкін деген болжам айтқан. Өткен аптада облыстағы Абай ауданында да төтенше жағдай жарияланған болатын. Дәл осындай шешім қабылданды, деп жазады "Қазақстан" ҰТА.
Семейге қарасты Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Таңат, Жазық, Жиенәлі, Знаменка,Қараөлең ауылдық округтерінде қазір жағдай ауыр. Бұл ауылдарда қардың деңгейі кей жерлерде жарты метрден асып кеткен. Соның салдарынан төрт-түлік жайлымға шыға алмай, қолға қарап қалған.
Жәнібек Наурызбаев Қайнар ауылының тұрғыны
Жайылым жоқ мүлде. Үй-үй арасында ғана жүреді. Далада түк жоқ. Мұз. Мұздың үсті қар бір метр. Халық қазір осы малдарын жаны қысылғандықтан сатып жатыр, арзан бағаға.
Қараша айының өзінде-ақ қар қалың түсіп, үстінен жаңбыр жауған. Соңы қатты аязға ұласқан. Қазір даладағы мұз құрсауланып сірескен қардан, тебінге жылқы да шыға алмай тұр. Сондықтан қала әкімшілігі малдың қырылуына жол бермес үшін, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған.
Берік Түсіпов Азаматтық қорғау және жұмылдыру дайындығы бойынша қала әкімінің көмекшісі
Төтенше жағдай жариялаған бойынша, ақша бөлінді әкімшілік тарапынан. Қазіргі сұрақ мына ауылдарға тамақ апару. Биыл міне ешкім ондай тоспаған. Сондықтан да жалпы өздерінің дайындықтары дұрыс болмаған. Бірақ оған қарамастан біз көмек істеп жатырмыз.
Әзірге тұрғындар қысқа дайындаған жем-шөпті үнемдеп беріп, төрт түлікті уақытша аман сақтап отыр. Кейбір елді-мекендерде мал азығы мүлдем таусылған. Сондықтан арнайы комиссия ауылдарды аралап, мал санын анықтап, қанша жем-шөп керектігін есептеуде. Құтқарушылар да қолдан келгенше көмек беруге дайынбыз-деп отыр. Өйткені қыс алда әлі де қаһарын көрсетпек.
Орынбек Әубәкіров Семей қаласы ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері
Биылғы гидромет бюроның мәліметтеріне сүйенетін болсақ, қыс маусымы қиын болады. Жылдағыдан қарағанда. Яғни бұдан 20 жыл болмаған қыс биыл биыл болайын деп тұр.
Қазір жергілікті әкімшілік 15 миллион теңге қаржы бөлген. Бұл төтенше жағдай орын алған ауылдарға мал азығын, тұрғындарға азық-түлік жеткізу үшін жұмсалмақ. Қажет жағдайда тағы да қаржы бөлу қарастырылып жатыр.
Авторы: Ержан Жақып, Серік Нұртаза
Фото: Qazaquni.kz