Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл туралы GGG командасының ресми өкілі Жанар Өтешова Инстаграмдағы парақшасында жазды деп хабарлайды stan.kz.
Оның айтуынша, орта салмақтағы әлем чемпионы рекордтар кітабына ең жоғарғы нокауттар пайызы бойынша кірген. Оның жеңіске жетудегі нокауттар үлесі 91,67 пайызды құрайды екен. Қазіргі таңда Головкиннің еншісінде WBA (Super), IBF, IBO және WBC тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы деген атақ бар. Ол 36 жекпе-жектің барлығында жеңіске жетіп, оның 33-ін нокаутпен аяқтаған.
Рекордтар кітабына енгенін растайтын сертификатты ол Голливудта өтіп жатқан жыл сайынғы WBS конвенциясы кезінде алған. Ол сондай-ақ бұл шара барысында тағы екі атақты иеленді: WBS спортшыны “Жыл оқиғасы” марапатына ұсынған. Оның британиялық Келл Брукпен өткізген кездесуі жылдың басты оқиғасына баланып отыр. Сонымен қатар, спортшы “ең ықпалды боксшы” ретінде де марапатталыпты.
Головкинмен қатар, Голливудтағы халықаралық шараға қатысуға Мигель Котто, Роман Гонсалес, Виталий Кличко, Кіші-Рой Джонс, Эвандер Холифилд сынды саңлақтар да шақыртылған.
Фото: stan.kz