Қарағандыда қаржы пирамидасына алданғандардың нақты саны белгілі болды. Алаяқтық жоспармен құрылған «Оптовка» серіктестігіне 5 жарым мың адамның ақша салып жібергені анықталып отыр, деп хабарлайды КТК.
«Оптовканың» басшысы Елена Колесникова ең кемі 50 мың теңге әкелген адамға аптасына 7 мың теңге үстеме ақы беріп отырыпты. Оңай олжаға құныққандар осыдан кейін оған қаражат әкелуді үдете берген. 6-ақ ай жұмыс істеген фирманың басшысы ұсталар алдында есеп-шотқа 1 миллиард теңгеден аса қаражат түскен екен.
Салымшылар Колесникова ұсталғанда, оны босатуды талап етіп, шу көтерген болатын. Ол бостандықта жүрсе қаражат еселеп қайтатынына сенетіндер әлі де бар. Дегенмен прокуратура ел өткізген 2 миллиард теңгенің 600 миллионының ғана жұртқа қайтқанын айтады.
Ал шотында қалғаны бар-жоғы 120 миллион теңге. Қалғанын пирамида басшысы шетел асырып жіберген сыңайлы. Өйткені, бала-шағасы да қазір Еуропа елдерінде жүр. Әзірге қаражаттан қағылғанын жаңа сезген 234 салымшы ғана алдандық деп арыз түсіріпті.
Фото: stan.kz