Ағымдағы жылдың 21 қарашасында республика судьяларының көптен күткен кезектен тыс VII съезі өткені белгілі. Осыған орай, Қызылорда облыстық сотының судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Наримов Артур Зұлхарнайұлы сұқбат берді.
Жалпы, судьялар съездерін өткізудің маңыздылығы неде деп ойлайсыз?
-Сот жүйесінің жаһандық үдерісте жаңғырып, алдағы атқарылатын тың жұмыстарын жос¬парлайтын республика судьялары съезінің маңыздылығы зор. Бүгінгі күні төрт жыл сайын өткізілетін республика судьяларының съезінде берілген тапсырмалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Судьялардың жиынына Елбасының қатысуы бұл съездің тек судьяларға ғана емес, жалпы бүткіл республика халқына маңыздылығын айқындайды.
2013 жылдың 20 қарашасында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде елбасы ең алдымен, сот төрелігі жүйесінің даму әлеуетін көру, ондағы мәселелерге сын көзбен қарап, дер кезінде шешу маңыздылығын айтып өткен болатын. Сонымен қатар, тергеу судьялары институтын енгізу сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы соттардың рөлін арттыратыны айтылды. 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген Қылмыстық процестік кодексте жана процестік тұлға – тергеу судьясы институты туралы норма енгізілді. Тергеу судьясы- бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық ісін жүргізуде адамдар құықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын жүзеге асыруға жатады.
Сондай-ақ, судьяларға түсетін жүктеменің өсуі мәселесі бүгінгі күні шешімін тапты. 2014 жылы республикалық бюджетте судьялар корпусының құрамы 450 адамға, қосымша 450 персонал және 60 сот приставына жаңадан штат бөлініп, сот аппараттары 960 адамға ұлғайды. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал етіп, соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізді.
Биыл судьялардың кезектен тыс өткен VІІ съезінде жаңадан «Судьялық әдеп кодексі» қабылданды. Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтылар заман талабынан туындап отыр. Басты мақсат сот жұмысын одан әрі жандандырып, азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, өркениетті елдердің көшіне ілесу.
Судьялардың съезінде көтерілген мәселелер, келелі пікірлер, орнықты ойлар, ұтымды ұсыныстар бүгінде орындалып келеді.
2. Мемлекет басшысы тарапынан судьялар съездерінде сот саласына медиация институтын енгізу, бітімгершілік рәсімдерін дамыту жайлы көп айтылып жүр. Осы мәселе туралы тарқатып айтып берсеңіз?
-Елбасы 2013 жылы өткен судьялардың VI съезінде бірқатар нақты міндеттерді алға қойып, дауларды шешудің баламалық әдісі, яғни, медиация институтын дамытуды басты назарға ұсынды. Қазіргі таңда бұл тапсырма кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, нақты шешімін тапқанына бәріміз куә болып отырмыз. Өңірімізде медиация саласын дамыту, жандандыру мақсатында жуырда медиация кабинеттері ашылып, халыққа кеңінен қызмет жасауда. Екі жақты келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттар біртіндеп босатылды.
Жуырда өткен судьялар съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев судьяларға жүктемені төмендету мәселесін көтеріп, билердің тәжірбиелерінен үлгі алуға шақырды. Мемлекет басшысы «Азаматтарға істі сот процесіне жеткізгеннен гөрі татуласу тиімді екендігін түсіндіру керек. Бұл ретте құқықтық-ағартушылық мәселесі маңызды болып саналады. Халықтың заңгерлік сауаттылығының арқасында сот дауларын еселеп қысқартуға болады», - деді.
Бұрынғы кезде қазақ халқы «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деп, қандай дауды болмасын сабырлықпен, көптің қатысуымен, елдің төрелік етуімен, билердің билік құруымен шешіп отырған. Бітім, құн беру, келісімге келу, ағайыншылық жолдарымен талай күрделі мәселенің күрмеуі шешілген. Билер алқасы арқылы дау-дамай, жанжал ғана емес, азаматтық, елдік, рулық мәні бар мәселелерде кең көлемде жауабын тауып отырды. Әрдайым қара қылды қақ жарған әділдікті берік сақтаған халқымыздың ежелден ұстанымы осындай болды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал халықтың тәжірибесінен алынған.
Әр съезд сайын Елбасы төрелік етудің ең басты мақсаты тараптарды табыстыру, татуластыру екенін айтып, бітімгершілікті дамыту жолын көрсетіп келеді.
3. Сот жүйесінің беделі судьяларға байланысты. Осы орайда сот төрелігін жүргізетін судьяның жеке басында қандай шарттардың болғаны дұрыс деп санайсыз?
- Судья – халық қызметшісі, заң қорғаны, әлеуметтік тендіктің кепілі. Біз Судьяның әділ төрелігі ғана емес, оның адамгершілік бітім-болмысы да жұрт көңілінен шығу керек. Судья – ақ-қараны айыра алатын, әділдікті, шындықты көре білетін, шыншыл адам. Қазақтың жері мен елін сыртқы жаудан, іштегі даудан қорғап, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын және елдің тұтастығын сақтап қалуда өлшеусіз үлес қосқан билеріміз бен батырларымыз қаншама! Қай қоғамда болмасын судья болу – мәртебелі міндет.
Ендеше судья ең алдымен әділдік пен турашылдықтың жаршысы болуы керек.
4. Бүгінгі күннің мәселелерінің бірі – сот жүйесі мен баспасөз өкілдерінің арасындағы байланысты орнықтыру. БАҚ пен соттың байланысын қан¬дай іс-шаралар арқылы жақсартуға болады?
-Қызылорда облысы соттары сот әділдігін жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарды халыққа кеңінен таныстыру және қоғамдық пікір тудырған істерге бір жақты пікір қалыптастырудың алдын алу мақсатында БАҚ өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс атқарып отыр. Ашықтық пен жариялылық БАҚ арқылы барынша насихатталса, халықтың сотқа деген сенімі де арта түсетіні анық.
Қызылорда облыстық соты Ұлт Жоспарында белгіленген басымдықтарды ескере отырып, сот жүйесінің қызметін ақпараттық жария ету мақсатында БАҚ-пен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмысты жолға қойды.
Облыстық сотта арнайы Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімі баспасөз өкілдерімен ақпарат алмасудың шынайы әрі уақытылы жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Ал, бөлімнің жұмысын үйлестіру облыстық соттың азаматтық және қылмыстық алқаның екі судьясына жүктелген. БАҚ өкілдерімен байланысты арттыруда үйлестіруші судьялардың септігі зор.
Сонымен бірге, бүгінгі күні аудандық және оған теңестірілген соттарға да баспасөз қызметін үйлестіруші судья, жауапты мамандар бекітіліп, жұмыс атқарылып жатыр.
Олардың негізгі міндеті сот жүйесінің имиджін көтеру мақсатында жоспарланған шараларды жүзеге асырып, БАҚ-пен байланысты нығайту. Сондай-ақ, соттағы соңғы жаңалықтарды, қабылданып отырған іс – шараларды БАҚ өкілдері арқылы халыққа дер кезінде жеткізу. Осының арқасында әділ сот төрелігі қызметінің жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз ете отырып, ел азаматтарының құқықтарын түсіндіру.
Соттардың баспасөз қызметтері соттардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, сот залдарында ашық сот отырыстарына заң шеңберінде бұқаралық ақпарат құралдарын кедергісіз қатыстыру, қоғамдық қызығушылық тудырған істер бойынша брифингтер, сот жұмысының қорытындылары бойынша баспасөз конференцияларын өткізу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
- Сұхбатыңызға рахмет.
Фото: kzl.sud.kz