Республика Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы бұл күнде шарықтау шегіне жетіп, өте кең ауқымда аталып өтуде. Яғни, республикалық, жергілікті деңгейлерде белгілі бір шаралардың ұйымдастырылуынан өзге, бірқатар заңнамалардың қабылданып, шиеленістердің шешімін табуы, ауқымды басқосулар мен құрылтайлардың өткізілуі, сайып келгенде бәрі де ел тәуелсіздігінің мерейтойымен ұштасып жатыр.
Осы орайда республика судьяларының кезектен тыс жетінші съезінің ширек ғасырлық мерейтойы қарсаңында өткізілуін де атап айту керек. Құрылтайға қатысқан мемлекет басшысы Н.Назарбаев құқықтық айқындылық деңгейін арттыру, тұрақты әрі болжамды сот практикасын қалыптастыру міндеттерін іске асыруды тапсырды.
Ендігі жерде ҚР Жоғарғы Соты осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нормативтік қаулыларды әзірлеуге кірісіп кетті. Яғни, бұдан былай қолданыстағы сот практикасы түбегейлі талданып, соттардың құқық нормаларын біркелкі қолдану мәселелері реттелмек. Осылайша Жоғарғы Сот тарапынан жергілікті соттардың сот істерін қарау тәжірибесінің бірізділігі қамтамасыз етіледі.
Елбасы тапсырмаларына сәйкес, «Соттардың қылмыстық істер бойынша жеке қаулылар шығару тәжірибесі туралы» 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №11 Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі туындап отыр. Мұны жаңа қылмыстық-процестік кодекстің жаңашылдықтарымен, тергеу судьялары институтының енгізілуімен, үш сатылы сот жүйесіне көшумен байланыстыруға болады. Нормативтік қаулының жобасында соттың тәрбиелік және алдын алу, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қолдаудағы құқық бұзушылықтардың жасалуына әсер ететін себептер мен жағдайларды соттардың анықтауы мен жою қызметіндегі жеке қаулылардың маңызды рөлі атап көрсетілген. Қылмыстың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайлар, іс жүргізу кезінде жіберілген заңбұзушылықтар, жекелеген азаматтардың дұрыс емес жүріс-тұрысы, қылмыстың жолын кесуге немесе ашуға көмектескен азаматтарды ынталандыру мәселелері де бүгінде басты назарда тұр. Жеке қаулыларда тиісті лауазымды тұлғалар іс бойынша анықталған нақты заң бұзушылықтарға назар аударып, мұндай заң бұзушылықтар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шаралар қабылдауға кіріседі, осылайша сот заң бұзушылықтың алдын алмақ. Бұл өз кезегінде сот практикасын дұрыс, заңнаманы біркелкі қолдануға және алдын алу жұмыстарын күшейтуге, сотқа дейінгі сатыдағы кемшіліктерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ прокурорлар да кемшіліктерді дер кезінде анықтап, тергеу мен анықтаудың заңдылығына қадағалау жүргізу барысында оларды жоюға көңіл бөлуі өте маңызды іс.
Ел Президенті Н.Назарбаев ұлттық сот өндірісін дамытуға ұдайы қамқорлық танытып, қазақстандық Фемиданың маңызды бағыттарын айқындап отыр. Әсіресе соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдірудің маңыздылығына, халықтың сотқа деген сенімін нығайтуға, сот жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкес жұмыс атқаруына баса назар аударып келеді.
Соттар қоғамда туындап жатқан қандай да болмасын дауларға төрелік жасаушы болғандықтан, біздің атқаратын жұмыстарымыздың бағасы қабылдаған сот шешімдері мен үкімдердің сапасымен және сотқа жүгінген тараптардың қанағаттануымен өлшенеді. Сондықтан судьялар өз жұмыстарына аса байыппен қарап, адам тағдырын шешуде ағаттыққа жол беруге құқы жоқ. Сотқа түскен іс белгіленген мерзім ішінде қаралып, әділ де заңды шешім қабылдануы керек. Қызметте жіберілген бір ғана қателік, айталық, бір заңсыз үкімнің қабылдануы не бір ғана істің созбалаңдыққа салынуы тұтастай сот әділдігінің беделіне елеулі нұқсан келтіреді. Сондықтан, облыстық сотта өтетін кеңестер мен жалпы отырыстарда кемшіліктер қайдан, неден кететіні, оларды жою үшін шаралар қолдану, қателікке жол бермеу мәселелері талқыланып, қатаң шаралар қолданылады. Судьялар тарапынан жіберілген қателіктер семинар сабақтарында тұрақты талқыланып, нақтылы істер бойынша судьяларға хаттар жолдануда.
Бүгінгі күні мемлекет басшысы Н.Назарбаев пен ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми соттар төрелігін атқаруда ешқандай қателіктерге жол беруге болмайтындығын, судьялар мен мамандардың біліктілігін арттыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігін жиі айтып келеді. Осы мақсатта судьялар мен сот кеңсесінің мамандарына заң нормаларын, сот тәжірибесін үнемі оқытып, біліктіліктерін арттыруды жалғастырып келеміз.
Республика бойынша судьялардың сот әділдігін заң талабына сай жүзеге асыру жолында мүлтіксіз жұмыс жасауына барлық мүмкіндіктер жасалған. Қатаң талаптардың үдесінен шыға білген бүгінгі судьялардың тәжірибесі мол, кәсіби деңгейі жеткілікті, сауатты, заң талабын дұрыс қолдана білетінін атап айту керек. Сондықтан сот төрелігін атқаруда халық сенімінен шығып, сот беделіне дақ түсірмеу біздің басты мақсатымыз.
Сот жұмысының ашықтығы мен жариялылығы маңызды мәселе. Осы орайда тұрақты түрде атқарған жұмыстарымызға есеп беріп, өткенді саралап, алдағы күнге жаңа жоспар құрып отырамыз.
Маңғыстау облыстық соттарында 2016 жылдың 11 айында барлығы 1805 тұлғаға қатысты 1554 іс қаралған. Соның ішінде 1365 тұлғаға қатысты 1161 қылмыстық іс үкім шығарумен аяқталған. Сот талқылауын жан-жақты жүргізіп, дұрыс сараптама жасау нәтижесінде 21 тұлғаға қатысты ақтау үкімі шығарылды. Сотталушының жәбірленушілермен татуласуына байланысты 266 тұлғаға қатысты 234 қылмыстық іс өндірістен қысқартылған. Олардың басым көпшілігі – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасап, жәбірленушімен татуласуына байланысты және бұл сот төрелігінде қалпына келтіру принциптерін қолдану аясын кеңейту саясатына сәйкес келеді. Мұндай үрдіс, өткен жылдың екінші жартыжылдығында қалыптасып, ағымдағы жылда да сақталуда. Болашақта қылмыстық істер бойынша сот төрелігін атқару барысында қылмыстық заңның нормаларына сәйкес және соңғы уақытта заңға ізгілендіру және қылмыстық процестегі заңдылықтың кепілдіктерін күшейту, медиатор мәселелері бойынша енгізілген өзгерістерді ескеріп, аталған бағытты қатаң ұстанудамыз.
Сотқа жүгінген тараптар қылмыстық істер бойынша да соңғы кезде бітімгершілік заңын қолдануға ниет білдіріп, медиаторларға жүгінуде. Нәтижесінде жыл басынан бері 96 қылмыстық іс ҚР медиация туралы заңын қолданумен аяқталды. Әлі де Медиация заңының қолдану аясын кеңейтіп, осы заңның талаптарын түсіндіруді жетілдіру қажеттігі күн тәртібінен түспей тұр.
Аса ауыр санаттағы қылмыс бойынша 46 тұлғаға қатысты 77 іс, ауыр санатта 332 тұлғаға қатысты 441 іс, ауырлығы орташа санатпен 325 тұлғаға қатысты 390 іс қаралды. Қалған 236 тұлғаға қатысты 250 іс онша ауыр емес санатқа жатқызылды.
Келтірілген мәліметтерді облыс соттарына қатысты талдау барысында, есепті кезеңде жұмыс жүктемесі барлық аудандық және мамандандырылған қылмыстық соттарында өскені көрінеді.
Қылмыс санаттарына талдау жасайтын болсақ, әйел адамдарға қатысты 727 іс, кәмелетке толмағандарға қатысты 56 іс қаралған. Сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша 40 тұлғаға қатысты іс қаралып, оның 21-іне сот үкімімен жалпы көлемі 127 миллион 308 мың (127 308 000) теңге айыппұл салынған. Өткен жылдың есепті кезеңінде 39 тұлғаға қатысты 13 тұлғаға 55 081 800 мың теңге айыппұл салынған болатын. соңғы кезде сотталушылардан айыппұл өндіру көлемі едәуір артып отыр. Жазаның бұл түрін қолдану сотталушылар үшін ауыр сабақ болса, мемлекет үшін қомақты кіріс деп айтуға болады.
Үкімнің мемлекет атынан шығарылуы, оның маңыздылығы судьялардан оның заңдылығы мен негізділігі үшін ерекше жауапкершілік сезінуді талап етеді. Жыл басынан бері облыс соттарында бірде бір қылмыстық істі қарау мерзімі бұзылмағанын атап айту керек. Облыстық сот тарапынан бірінші сатылы соттардың сот актілерінің заңдылығын және істерді қарау мерзімін сақтау, негізсіз сараптама тағайындамау, яғни жұмыстың сапасын қамтамасыз ету қадағалануда.
Аудандық және оған теңестірілген соттарда біркелкі тұрақты жаза тағайындау тәжірибесі қалыптасқан. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар көрсеткіші жылдан жылға азаюда. Осының өзі жасалынған қылмыстың санатына қарай, қазіргі ізгілендіру саясатына сәйкес, балама жазаларды кеңінен қолданудың нақтылы нәтижесі деп есептеуге болады.
Өзінің іс-әрекеттерінің қоғамға қауіпті екенін ұғынып, оның қоғамдық зардаптарының болуы мүмкін екенін алдын ала біліп, осы зардаптардың болуын тілеп, жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген не болмаса жәбірленушіге аса ірі мөлшерде материалдық зиян келтірген қылмыстық істер бойынша қатаң жазалар тағайындалып, ондай істер аса ауыр санатта қаралады.
Қалай болғанда да сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен өз жұмысын жақсарту мүмкіндіктерінің бар екенін әр судья білуі тиіс. Жұмыс жүктемесі көбейсе де, қол жеткізген дәрежемізді сақтауымыз қажет. Әрине алдағы уақытта қателер болуы мүмкін, жұмыс істемеген адам ғана қате жібермейді. Алайда, судьяның жіберген қатесінің бағасы өте жоғары, сондықтан осындай қателерді болдырмау да өте маңызды.
Сондықтан облыс соттары жұмысты жандандыруға, бақылау тапсырмаларын сапалы, уақытылы орындауға, қылмыстық істер бойынша татуласу және медиация заңдылықтарын кеңінен қолдануды түсіндіруге, ізгілдендіру саясатын іске асыру мақсатында бас бостандығынан айырумен байланысты емес баламалы жаза түрлерін кеңінен қолдануды іске асыруды, қалыптасқан жаза тағайындау тәжірибесін қатаң ұстауға барынша көңіл бөліп отыр. Жаза тағайындау барысында ізгілендіру саясатын басшылыққа алып, бас бостандығынан айыру жазасына баламалы жазаларды, оның ішінде қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын кеңінен тағайындаудың тиімділігі назарға алынып отыр.
Заман талабымен жүргізілген құқықтық реформа қадамдары сот жүйесіне үлкен мүмкіндіктермен қатар, жоғары жауапкершіліктерін жүктеп отыр. Ал оны абыроймен атқару судья үшін мерей, екінші жағынан абыройлы да жауапты міндет, міне осы талап деңгейінен көріну біздер үшін үлкен сын.
Ержан Өсерханұлы Қарабаев,Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы