Қазіргі таңда Бірыңғай дистрибьютер «СК-Фармация» компаниясы 2017 жылға қажетті дәрі-дәрмектің 95% сатып алған. Оған бюджеттен 108 млрд теңге бөлінген. Дәрілердің 30%-ы қоймада сақтаулы тұр. Алдағы жылы дәрі-дәрмек тапшылығына байланысты проблема болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш компанияның Басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
«Қазіргі таңда бізге мемлекет 2017 жылға тиісті дәрі-дәрмекті сатып алуға 108 млрд теңге қаржы бөлді. Дәрінің 95%-ын сатып алдық. Қазіргі таңда компаниялармен келісім-шартқа отырдық. Бүгінде дәрілердің 30% бірыңғай дистрибьютердің қоймаларына жеткізілді. Алдағы жылға арналған сатып алуды жүргізу кезінде 11,7 млрд теңгені үнемдедік», - деді басшы.
Сонымен қатар «СК-Фармация» ЖШС-ның Басқарма төрағасы алдағы жылы елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы болмайтындығын ерекше атап өтті.
«Бізде алдағы жылға арналған дәрі-дәрмекті 25 желтоқсанға медициналық мекемелерге жеткізуге дайынбыз. Егер жергілікті әкімдіктер, ауруханалар кепілдік хат берсе, оларды дәрілермен толық қамтамасыз ете аламыз. Сондықтан 2017 жылы елімізде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемасы болмайды», - деп түйіндеді сөзін Н.Әлібаев.
Дәурен Ерболат
Фото: korupciya.com