Алматы облысында апатқа ұшыраған Су-27 әскери ұшағының ұшқышы отбасына оралды. 800 метр биіктіктен парашютпен секіріп кеткен Әділбек Ысқақов дін аман. Ал қос бірдей қозғалтқышы істен шыққан әуе кемесі адам аяғы баспайтын жазыққа барып құлапты. Сондықтан апат орнына арнайы комиссия тікұшақпен жеткізіліп, тергеуді бастады. Енді осы оқиғадан кейін еліміздегі барлық Су-27 ұшақтары тексеріліп жатыр, деп жазады КТК телеарнасы.
Бір ажалдан аман қалған Әділбек Ысқақов дәрігерлерге қаралғанан кейін, бүгін үйіне келді. Басынан өткен оқиғаны 31 жастағы ұшқыш енді өмір бойы ұмыта алмастай болған. Себебі, кезекті оқу-жаттығу барысында тізгіндеген Су-27 көкте кенеттен қозғалтқышы істен шығыпты. Сондықтан ол ең алдымен қарақан басының қамын емес, қара халықты ойлап, әуе техникасын қауіпсіз жерге құлатуды көздеген.
Әділбек Ысқақов, 21751 әскери бөлімшесінің ұшқышы:
-Түнгі оқу-жаттығу жұмыстарын аяқтап, Талдықорған аэродромына қонуға бет алғанда ұшақтан ақау шықты. Көп ойланбастан айналасы 30-40 секунд ішінде әуе техникасын ауыл-аймақтан алшақтау жерге бағыттап, өзім секіріп кеттім. Өйткені ең алдымен жердегі халықты ойладым. Оларға қайғы әкелгім келмеді.
Әділбек Ысқақовтың атқыш ұшағы адам аяғы баспайтын жазыққа барып құлаған. Ұшқыш бірден басшыларымен байланыс апат орнын айтып беріпті. Ал өзіне 15 минуттан кейін көмек келген. Бірден әскери госпитальға жеткізілген ұшқыштың еш жері зақымданбады.
Асқар Көлбаев, Талдықорған әскери госпиталінің бастығы:
-Науқастың шағымдары болған жоқ. Соған қарамастан тексерулердің бәрін жасадық. Рентген, УЗИ, лабораториялық тексерулерден өткіздік. Барлық мамандармен консилиум құрып, көріп шықтық.
Апатқа ұшыраған әуе кемесі бағытын өзгертпегенде, ол Еңбек, Мойнақ ауылдарының үстіне құлайтын еді дейді мамандар. Сондықтан шұғыл шешім қабылдай білген ұшқыштың әрекетін әріптестері ерлікке балап отыр. Дегенмен, еліміздің Бас әскери прокуратурасы осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті.
Жеңіс Темеков, ҚР Бас әскери прокуратурасының ресми өкілі:
-Осы оқиға бойынша Бас әскери прокуратурамен ҚР ҚК 464 бабы ол «ұшу немесе оған дайындау қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Болжам бойынша, апатқа ұшыраған ұшаққа сапасыз жанармай құйылған болуы мүмкін. Сондықтан, әуедегі қауіпсіздікті қорғайтын барлық СУ-27 ұшақтарын тексеру керек дейді сенатор Мұхтар Алтынбаев.
Мұхтар Алтынбаев, Сенат депутаты:
-Ұшақтарды тексеру керек, жанармайды тексеру керек, қалай дайындық болғанын да тексеру керек. Өйткені қысты күні жанармайды дайындайтын ерекшеліктері бар. Сондықтан мұқият қарау керек.
Дәл осындай апат бұған дейін де болған. 2014 жылы Талдықорған қаласының маңында тағы бір Су-27 құлаған еді. Ол кезде де тізгіндегі Ерлан Науанов пен Денис Горбунов ұшақты елді мекеннен алыстау жерге алып кетемін деп, өздері ажал құшқан.
Автор: Диас Нұрақын
Фото: Arnapress.kz