Қазақстан мен Иран өзара топтық туристік сапарларды жеңілдетеді

2017 жылы Астана-Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылады.
Қазақстан мен Иран өзара топтық туристік сапарларды жеңілдету туралы келісімге қол қойды. Құжат құрамында 5-тен 50-ге дейін адам бар туристік топтар үшін визалық режімді жеңілдетеді. Бұл жайында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Иран Президенті Хасан Руханидің Қазақстанға ресми сапарының қорытындысында қол қойылған келісім қазақстандық және ирандық азаматтардың өзара топтың туристік сапарлары саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыруға құқықтық және ұйымдастырушылық негіз қалайды.Құжат құрамында 5-тен 50-ге дейін адам бар туристік топтар үшін визалық режімді жеңілдетеді. Виза топтағы бір адамға ғана беріледі. Екі елдің туристік билігі Қазақстан мен Иранға баратын туристік топтарды қалыптастыруға жауапты жергілікті туристік операторлардың тізімімен алмасады», - деді ол.

Департамент директорының атап өтуінше, келісімге барынша қысқа мерзімде қол қойылған. «Иран 80 млн. адам тұратын келешегі зор көрші нарық. Ел 30 жылдан астам уақыт бойы санкция құрсауында болды және қазіргі уақытта ішкі және сыртқы туризмді белсенді ілгерілете отырып, әлемге есігін айқара ашып отыр. Енді қол қойылған келісімді жүзеге асыру маңызды. Қазақстандық және ирандық туристік операторлар бұл бағытта белсенді өзара іс-қимылға барады деп күтеміз», - деді Иғали.

Айта кетейік, 2017 жылы Астана-Тегеран арасында тікелей әуе рейсі ашылады.

Фото: Exclusive


Следите за новостями zakon.kz в: