24 желтоқсанда облыс әкімі Қ. Көшербаевтың және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары А.Шпекбаевтыңқатысуымен Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан заманауи саясатты насихаттау мақсатында мәжіліс өтті.
Жиында Агенттік төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, А.Шпекбаев Қызылорда облысы бойынша лауазымды тұлғалар тарапынан болған сыбайлас жемқорлық фактілеріне тоқталып, бейнероликтер көрсетті.
Сондай-ақ, жиын барысында облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдармен жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл бөлімінің басшысы – әдеп жөніндегі уәкіл С. Шотаев аталған бағыт бойынша аймағымызда атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Айта кетейік, А.Шпекбаев мәжілістен кейін жергілікті Кәсіпкерлер палатасына барды. Агенттік Төрағасының орынбасары Қызылорда облысына жұмыс сапарын мұражаймен аяқтады.