Фэйсбукта әлеуметтік араздық тудырған ақтөбелік кәсіпкерді 3 жылға қамау туралы үкім шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат, diapazon.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап.
«46 жастағы 6 баланың әкесі Санат Досов әлеуметтік араздықты қоздырғаны үшін сот алдынан бір-ақ шықты. Оның фэйсбуктағы жеке парақшасына жазылған жазбалар қылмыстық іс қозғауға себеп болды. Өткір пікірлерде ол Путин саясаты, Сириядағы соғыс, жергілікті билік пен дін туралы сөз қозғаған. Ол уақытша ұстау оқшаулағышта 4 ай отырды. Оның қорғаушысы Дархан Мырзабеков бұл айыптаудың ақылға сыймайтынын дәлелдеуге тырысып бақты», - деп жазды басылым.
Қорғаушы Санат Досовты ақтауды және тергеуге қатысқан ІІД, ҰҚК, Алматы прокуратурасы қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жеке қаулы шығаруды сұрады. Сотталушының өзі соңғы сөзінде айыбын мойындады, бірақ еш жауыз ниеті болмағанын айтып, өзін Қазақстанның патриоты деп атады.
Алты баласының төртеуі кәмелеттік жасқа толмағандықтан, бас бостандығынан айырмауды сұрады. 27 желтоқсан күні сот Санат Досовты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Фото: inform.kz