Көкшетауда құсбегілер сайысы өтті

Әдеттегідей құсбегілердің ашық чемпионаты үш іріктеу кезең бойынша өтті.
Көкшедегі Бұқпа тауында өңірге аты танымал атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алу құрметіне «Қансонар-2016» құсбегілердің ашық чемпионаты өтті. Оған Алматы, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан 25 бүркітші қатысты, деп хабарлайды BNews.kz.

Әдеттегідей құсбегілердің ашық чемпионаты үш іріктеу кезең бойынша өтті. Жарысқа қатысушыларды Ақмола облысы бүркітшілер федерациясының президенті, «КСРО аңшылық кәсіпшілігінің үздігі» атағының иегері Мәсіп Батырханұлының немересі Шынарбек Бүркітбайұлы құттықтап, өз атасының өткен ғасырдың сонау 30-40-шы жылдары аңшылық кәсіппен қалай айналысқандығын әсерлі етіп әңгімелеп берді.Өз балаларын майданға жөнелткен Мәсіп атай туған ауылы Ботайдың маңында аң аулап, оның терісін сатудан түскен қаржыны қару-жарақ пен оқ-дәрі сатып алуға жұмсаған. Сол үшін де кәсіби аңшы Мәсіп Батырханұлы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 6 маусымдағы Жарлығымен «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

«Чемпионаттың өту барысында аңшылар осы сайысқа арнайы баптаған құстарымен қоян мен түлкі аулау жарысына қатысты. Бұл бәсекеде Алматы, Жамбыл, Ақмола облыстары мен Астана қаласының құсбегілері ерекше көзге түсті», – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбайұлы.
Жұртшылықтың ыстық ілтипатына бөленген жамбылдық Шақыр Нұрбек пен ақмолалық Авсалам Ислам және кішкентай алты жасар бүлдіршін Уәлихан Әбілмансұр осы чемпионаттың көзайымына айналды. Ал, төрешілердің бірауызды шешімі бойынша ашық чемпионаттың жүлдегері болып, алматылық құсбегі Баетбай Сағыныш танылып, алтын медальмен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Күміс және қола медальдарды ақмолалық Қанат Шүленбаев пен алматылық Баятбай Өмірхан еншіледі.

Фото: bnews.kz
Акмолинская область Актау Актобе Алматы Кызылорда Нур-Султан Семей
Следите за новостями zakon.kz в: