Өскеменде экзотикалық жануарлар мен құстар көрмесі өтіп жатыр

Көрмедегі құстардың сыңғырлаған үні алыстан баурап алады.
Қызыл кітапқа енген экзотикалық жануарлар мен құстарды Өскеменде өтіп жатқан көрмеден көруге болады. Әсіресе, ғажайып мекенге тап болған балғындардың қуанышында шек жоқ. Өйткені мұнда Қытай, Үндістан және Таиландта ғана кездесетін жан-жануарлар бар. Бұл туралы Хабар 24 арнасы жазады.

Көрмедегі құстардың сыңғырлаған үні алыстан баурап алады. Құдды экзотикалық мекенге тап болғандай күй кешесіз. Көпшілік назарына ұсынылған тірі жәдігерлер арасында тукан токо, какаду сынды Қызыл кітапқа енген құстар мен Боня есімді ақ қолды гиббон бар. Оларды тек Қытай, Үндістан және Таиландта ғана кездестіруге болады.

Аслан Актемиров, көрме әкімшісі:

- Біздің көрмеде ұсынылған жануарлар мен құстардың арасында сирек кездесетіндері де бар. Көрме келушілеріне тез үйренісіп, бауыр басып қалатын екі маймылымызды көрдіңіздер. Жаңа жылдағы біздің тартуымыз өскемендіктерге ұнады деп ойлаймыз, әрі барлығыңызды табиғатты сүюге, аялай білуге шақырамыз.

Леонид Логачев көрмедегі жануарлар мен құстарға арнайы күтім жасайды. Оның айтуынша, «Табиғат ғажайыптарын» тамашалаушыларды Ирис есімді кинкажу ерекше қызықтырады екен.

Леонид Логачев, баптаушы:

- Бұл жануар кинкажу немесе гүл аюы деп аталады. Ол 30 жылға дейін өмір сүреді. Көбінесе жеміс-жидек, балмен қоректенеді. Күндіз ұйықтағанымен, түнде өте белсенді. Негізінен Орталық және Оңтүстік Америкада өмір сүретін жануардың жүні өте бағалы.

Жалпы, көрмеде 20 шақты тропикалық құс пен жануар көрсетіледі. Арасында сөйлейтін папугай да бар. Мерекеде меймандарға «бақыт» тілеген ара тотықұсы, әсіресе, балаларға қатты ұнап қалыпты.

Мелиша Мұхамедьярова, кішкентай көрермен:

- Маған өте ұнады. Мына көрмеде көп құстар, маймылдар, ара бар. Ол маған бақыт тіледі.

Көрермен көзайымына айналған «Тірі кемпірқосақ» көрмесі ақпан айына дейін жалғасады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Фото: 24.kz
Следите за новостями zakon.kz в: