Астанада жаңа музей ашылады

Мемлекет басшысының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V cъезінде берген тапсырмасына сәйкес, 2017 жылы Бейбітшілік пен келісім музейін ашу жоспарланған.
ҚР Мәдениет пен спорт министрлігі ағымдағы жылы Бейбітшілік пен келісім мұражайын ашуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

«Мемлекет басшысының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V cъезінде берген тапсырмасына сәйкес, 2017 жылы Бейбітшілік пен келісім музейін ашу жоспарланған. Музейдің ашылуы конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайтуға, адамзаттың даму мәселелері төңірегінде бірлесіп жұмыс істеуге, діндер мен халықтарды жақындастыруға, әлемдік және дәстүрлі діндер съездерінде айтылған идеяларды кеңінен насихаттауға, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімге өз үлестерін қосып жүрген ұйымдардың мәртебесін көтеруге өз септігін тигізеді»,- делінген министрліктің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, 2015 жылы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында онымен аттас мұражайды ашуды ұсынған болатын. Музей съездің ғылыми мекемесі ретінде жұмыс істеп, діндер мен мәдениеттер диалогының тарихын зерделейді деген жоспар бар. Сондай-ақ съезде айтылған барлық идеяларды кеңінен насихаттамақ.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Елбасының бастамасымен алғаш рет 2003 жылы өтті. Келелі форум әр үш жыл сайын өтеді. Оған 40-тан астам елден барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдарға қатысы бар делегациялар қатысады.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: