Прокуратура Өскемендегі Ертіс көпірі бөлігінің құлау себептерін атады

Конструкция 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған, бетонда майда жарықшақтар пайда болып, оның арасына су кірген.
Өңірлік прокуратура Ертіс өзеніндегі көпір бөлігінің құлауына қатысты мұқият тексеріс жүргізді. Нәтижесінде оқиғаның негізгі себептері белгілі болды, құрылыс және демонтаж жұмыстарын жүргізген «Рязанов атындағы №25 көпір құрылыс жасағы» ЖШС қызметінен түрлі заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат құзырлы органның ресми ақпаратына сілтеме жасап.

24 қараша күні Өскеменде Ертіс өзені көпірінің ескі бөлігі құлады. Оқиға себебі - көпірдің ескі бөлігін қалпына келтіру кезінде №5 тіректің қисаюы болған. «№25 көпір құрылыс жасағы» ЖШС мердігер ұйым қызметкерлерінің бірі жарақат алды. Техникалық сараптама ескі көпір тірегінің көтеру қабілетінің жеткіліксіздігінен көпір бөлігінің құлағанын анықтады. Конструкция 50 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған, бетонда майда жарықшақтар пайда болып, оның арасына су кірген.

Ал анкерлік арматура коррозияға ұшыраған. Сондықтан «№25 көпір құрылыс жасағы» кәсіпорнының жұмысшылары қайта монтаждау жұмыстарын дұрыс ұйымдастырмағаннан көпір бөлігі құлады деп айтуға болмайды. Сонымен бірге, оқиғаны тергеу қорытындылары бойынша прокуратура мердігерлік ұйым жұмысшысымен болған оқиғаны толық жұмыс берушінің кінәсі деп таныды. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, «№25 көпір құрылыс жасағы» басшылығы тарапынан бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

Тексеру барысында белгілі болғандай, кәсіпорында экскаватор машинисінде, электр және газ дәнекерлеушіде қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтар болмаған, бар нұсқаулықтар қолданыстағы талаптарға сай болмай шықты. «Рязанов атындағы №25 көпір құрылыс жасағы» әкімшілігі еңбек шартына сәйкес өндірістік нысандарға аттестация жүргізбеген, біліктілік оқуын және арнайы мамандандырылған ұйымдарда жұмысшылардың біліміне сараптама жасауды ұйымдастырмаған. Тексеріс нәтижелері бойынша, облыс прокуратурасы уәкілетті органға заңбұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар жіберді.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: