Солтүстік Қазақстан облысында демалыс күндері қар құрсауында қалған 100 шақты адам құтқарылды. Өңірде қаңтардың 1-нен бастап дабылды ескерту жарияланып, жол қозғалысына шектеу қойылды. Кей жерлерде желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетіп, боран соқты, деп жазады Хабар 24 арнасы.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, кейбір жүргізушілер жолға шығып, қалың қарда омбылап қалған. Аумақта қаңтарылған көліктер арнайы техниканың көмегімен шығарылды. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғындарды ескертуді елеп-ескеріп, сақтық шараларын сақтауға шақырады.
Рүстем Жұмағалиев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:
- Ақтүтек бораннан, әсіресе, Саумалкөл – Новоишимка, Тимирязев – Сергеевка тас жолдарын қар басып, көліктер тұрып қалды. Қазіргі уақытта да боран соғып тұр. Онда арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Тиісті шаралар қолға алынды.
Фото: 24.kz