Алматы облысында Қызыл кітапқа енген қарақұйрық пен дуадақты атып алған алматылық ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.
Жамбыл ауданының орман дала аймағында полиция және табиғатты қорғау органының қызметкерлері күдікті басқарған «Тойота-Лендкрузер» көлігінен 4 қарақұйрық пен 1 дуадақты тапты. Бұдан басқа ер адамнан тексеру барысында рұқсат құжаты жоқ 2 атыс қаруы тәркіленді.
Болжам бойынша Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген аң мен құсты браконьер жақын маңдағы орналасқан мемлекеттік қорықшаның аумағынан атып алған. «Аталмыш іс бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тәркіленген жануарлардың денесі биологиялық сараптамаға жіберілді. Сараптама нәтижесі бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, өткен 2016 жылы Алматы облысының аумағынан 1 538 табиғатты қорғау заңнамасын бұзу анықталып, оның 457-і бойынша ұсталғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Фото: inform.kz