Шымкенттіктер көліктерді малдың қиынан алынған газбен жүргізбек

30 күн бойы бөшкеде тұрған биотыңайтқыш жердің құнарын 25-30%-ға арттырады.
Шымкентте қарапайым инженер мен дәнекерлеуші сиырдың қиынан биогаз алатын модульді жүйені жасап шықты. Өзге жобалардан ерекшелігі, қондырғы толықтай қолмен құрастырылған. Оған қоса, қиды жейтін бактерияны да өздері тапты, деп жазады Хабар 24 арнасы.

Қос өнер иесі 30 тонналық алғашқы реакторды ашық аспан астында құрастырыпты. Қондырғы ауа райын талғамайды. Яғни жыл 12 ай жұмыс істей береді. Бір ерекшелігі, шикізат ретінде тек ірі қара малдың қиын ғана қолданады. Өйткені одан бөлінетін метан қөмірқышқыл газына қарағанда қоршаған ортаға әлдеқайда зиянды екен.

Салауат Дауылбаев, инженер-электроншы:

- Орта есеппен 30 тоннадан күніне 480 куб таза метан ауаға кетеді. Ол жоғары азон қабатын былғап, қоршаған ортаға зияны өте күшті. Метан көмірқышқыл газына қарағанда 28 есе қоршаған ортаға зиянды. Сондықтан малақты пайдаланып жасап жатырмыз.

Қондырғының құрылымы өте қарапайым. Кәдімгі қиға су қосылып, жабық бөшкенің ішінде араластырылады. Сол кезде оның құрамындағы метан бөлінеді. 1 тонна биомассадан 27 куб метан алынады екен. Бөшкедегі газ 18 күн бойы жанып тұрады. «Модульді жүйе шағын ауыл мен өндірісті тұтастай газбен қамтуға жетеді», - дейді өнертапқыштар.

Салауат Дауылбаев, инженер-электроншы:

- Метанның тазалығы 75-80%. Оңайлықпен көзге көрінбейді. Сіздерге қағазды оталдыру арқылы көрсетейін. Арасында кішкене көмірсутек бар. Байқаған шығарсыздар, қызыл болып жанып тұрған сол көмірсутек. Одан кейін аммиак болады. Оларды арнайы қондырғы арқылы алып тастай аламыз.

Жаңа жүйенің сызбасын өздері жасаған. Цистернаның ішіне қиды араластыратын ұзындығы 8, ені екі метр болатын білте темірі мен қалақша орнатылған. Көбіне шірімейтін темір қолданылған. Дәнекерлеу жұмысы асқан ұқыптылықты қажет етеді. «Себебі иненің жасуындай тесік қалса, бар жұмыс зая кетеді», - дейді Аслан Тұрсынханов.

Аслан Тұрсынханов, дәнекерлеуші:

- Осы биомассаны болашақта өзінен шыққан газдан және өзінен шыққан жарықпен өзін-өзі қамтамасыз ететін жағдайға жеткіземіз. Және негізгі мақсатымыз – биомассаны ауыл шаруашылығында және жылыжай шаруашылығында қолдану.

30 күн бойы бөшкеде тұрған биотыңайтқыш жердің құнарын 25-30%-ға арттырады. Құрамындағы зиянды заттары алынған қи себілген жерге арамшөп те шықпайды екен. Ол ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Өнертапқыштар «жасыл» экономикалық жобаны толықтай интернет арқылы басқару жүйесін ендіріп жатыр. Жоба қолдау тапса, өндіріске шығаруға әзір. «Бағасы да шетелдікінен әлдеқайда арзан», - дейді өнертапқыштар.

Авторлары: Қанат Жүнісбеков, Ерболат Әбіш, Нұрмахан Бекмұратов

Фото: 24.kz

Следите за новостями zakon.kz в: