Шымкентте газбен жылытылатын барлық үйлер тексеріледі

Әкім дерегіне сәйкес, жарылыстың орын алуына иранда жасалған, сертификатталмаған жылу пешін дұрыс пайдаланбау себеп болған.
Шымкентте газбен жылытылатын барлық үйлер тексеріледі. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әкім дерегіне сәйкес, жарылыстың орын алуына иранда жасалған, сертификатталмаған жылу пешін дұрыс пайдаланбау себеп болған. Апат орын алғаннан кейін жедел құтқару жұмысы ұйымдастырылып, үйінді астынан аталған баспанада тұрып жатқан 5 адам шығарылған. «Оқиға орнында 1988 жылы дүниеге келген Сабина Орынбаеваның мәйіті шығарылды.

Бір адам орташа күйік шалып, 2 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккендердің жай-күйі тұрақты. Оларға медициналық көмек көрсетілді.

Ауруханадан шыққанан кейін уақытша баспана беріледі. Бұған қоса, жергілікті бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар облыс, қала әкімдігінің және «Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкерлері біркүндік жалақыларын аударады», - деді Түймебаев. Оның айтуынша, аталған факті бойынша арнайы комиссия құрылды. Оның жұмыс қорытындысына сәйкес жүйелі шаралар қолға алынады.

«Бүгінгі күні оқиға орны құрылыс қоқыстарынан толықтай тазартылды. Толықтай алғанда, мұндай жайттың қайталануын болдырмау үшін барлық үйлердің, сарайлардың, барактардың тізімі жасалып, тексерілетін болады. Естеріңізге сала кетсем, қазіргі уақытта Шымкент қаласында 2040 көпқабатты үй, 218 мың жеке тұрғын үй бар. Барлық үй-жайларда газ және басқа да жылу құрылғыларын пайдалау барысындағы техникалық қауіпсіздік тексерілетін болады. Толықтай алғанда жағдай тұрақты», - деді әкім.

Фото: www.inform.kz



Следите за новостями zakon.kz в: