Ақша жасаудың түрі көп. Соның жеңіл жолы – алаяқтық. Елордада алаяқтықтың жаңа әдісін ойлап тапқан мына қос жігіт астаналықтардың аңғалдығын пайдаланып, алдап ақша жасап жүр, деп хабарлайды Baq.kz.
Жаздыгүні Астананың сол жағалауындағы дәмханалардың бірінің алдында көлік ішінде құрбымды күтіп отырған сәт еді. Кенеттен өздерімен бірдей рюкзак асынған қос жігіттің бірі көліктің терезесін тоқылдатып, көмек сұрады.
«Кешіріңіз. Менің атым Алексей, досым – Макс. Біз қайыршылар емеспіз. Алаяқ та емеспіз. Челябинсктен келе жатқан туристерміз. Алматыға жетуіміз керек еді. Әмиянімізді біреулер қолды етіп, енді Алматыға жететін ақша таппай жүрміз. Екі күннен бері нәр татпай, қарнымыз да аш. Көмектесе аласыз ба?», - деп аянышты дауыспен көмек сұрады.
Шынымды аятсам, өзімнің де қаржылық жағдайым мәз емес еді. Қалтамдағы ұсақ тиындарды ұстаттым. Тиындарыма біртүрлі менсінбей қарады, бірақ алды.
Көліктің ішінен турист жігіттердің әрекетін қадағалап, іштей жаным ашып, қалай көмектессе болады екен деген оймен отырдым. Орыстың жігіттері дәмханадан шыққандардың ауқатты-ау дегендерінің бәріне жағдайларын түсіндіріп, біршама олжалы боп қалды да. Бір уақ құрбым хабарласып, көлікті оталдырып, дәмхана алдынан кетіп қалдым...
Осы оқиғадан кейін шамамен бір ай өткен соң сол баяғы құрбыммен қаланың басқа шетінде кездесеміз деп келістік. Астананың оң жағалауы. Құрбым екеуіміз көліктен шығып, далада сөйлесіп тұрып едік, бейтаныс екі жігіт жақындап, турист екендерін, Челябинсктен Алматыға жете алмай жүргендерін айтып, ақшалай көмек сұрады.
Ақкөңіл құрбым жанталасып қалтасынан ақша іздей бастады. Осы сәтте олардың жүзі маған таныс сияқты көрінді. Қасындағы үндемей тұрған ұзын бойлысы бұл жолы ішіп алғанға ұқсайды. Теңселіп тұр. Ал көзілдірік киген аласа бойлысы өтірік айтқанда беті бүлк етпей, арақтың иісі мүңкіген деммен маған таныс оқиғаны баяндай жөнелді.
«Сіздер әлі Алматыға жете алмай жүрсіздер ме? Осыдан бір ай бұрын тура осы проблемамен маған келіп, ақша алып едіңіздер ғой...», - дей бастап едім.
«Кешіріңіз, мүмкін олар басқа жігіттер шығар. Рахмет. Жарайды, біз кеттік», - деп тайып тұрды екеуі.
Құрбым түк түсінбей әлек...
Бір қызығы, сол «туристерді» кеше тағы жолықтырдым. Сол бұрынғы өздерімен бірдей рюкзактарын асынып алған. Тұрақта тұрған көліктерді жағалап, маған да жетті. Қысқы киіммен жірген соң ба, алғашқыда танымай қалдым. Кейін көзілдірік киген жігіттің өзі де, сөзі де есіме түсіп кетті. Дежавю ме деп қалдым. Лента артқа айналғандай, жаздағы жағдай көз алдыма келді.
«Жарты жыл болды ғой. Сіздердің Алматы тұрмақ, Челябинскке екі барып келетін уақыт өтті. Әлі жүрсіздер ме?», - дедім.
Әңгімесін аяқтап үлгермеген жігіт маған қарап аң-таң.
«Иә. Сіздер осымен маған үшінші рет келіп тұрсыздар», - деп едім, бұрылып, басқа көлікке қарай кетіп қалды.
Осы жолы ерінбей, көліктен шығып, кім екендерін, неге ақша сұрап жүргендерін білу үшін қастарына бардым.
«Жігіттер, есімдерің кім, құжаттарың қайда? Көрсетіңдерші. Мен журналиспін. Сыртқы істер министрлігінде таныстарым бар, қатты қиналсаңдар полицияға хабар берейін. Ол үшін маған құжаттарың керек», - дедім.
«Құжаттарымыз үшінші адамда. Ол алысқа ұзап кетті», - деді көзілдірікті жігіт.
«Телефон соғып шақыруға болмай ма?», - дедім.
«Жоқ, ол ана жақта жүр. Естімеуі мүмкін», - деп сылтауратқан сары жігіт менен қашқақтай бастады.
«Мен сендерді жазда көрдім ғой. Бәлкім өтірік ақша жасап жүрген алаяқ шығарсыңдар?», – деп, ұялы телефонның камерасына түсіріп алдым.
Әбден өтірік айтып, әккіленген «Челябинсктің тұрғыны» менің танып қойғанымды байқаса да, түк болмағандай: «Біз алаяқ болсақ, соткаңызға суретке түсіп неміз бар. Жарайды. Рахмет. Біз асығыспыз», - деп алысқа ұзап кетті.
Жоғарыда баяндалған оқиға ойдан құрылмаған. Өзім куәгермін. Сөзімнің дәлелі ретінде алаяқ «туристердің» суретін ұсынамын. Егер кімде-кім көріп қалса, сөздеріне еріп, алданып қалмаңыздар. Дұрысы, полицияға қоңырау шалыңыздар.
Алтын Ақиқат
Фото: Baq.kz