Газбен қамтылмай қалған жұрт айқайға басты! Алматы облысы Көкқайнар ауылының тұрғындары мердігер компаниялар арасындағы ойыншыққа айналғандарына ашулы. Себебі, қыруар қаржы төлеп жасаған келісім-шарттары жеке мекемелер арасында саудаға түскен. Ақыры, екі компанияның да заңды рұқсаты болмай, тұрғындар ақшадан да, газдан да қағылыпты. Тіпті, бұған дейін тартылып қойған газ құбыры қайта кесіліп жатыр, деп жазады КТК телеарнасы.
Биыл да көгілдір отыннан құр қалған жұрттың ашуы қатты. Тіпті, әр үйден ақша жинап алған адамды жағадан алуға дайын тұр. Себебі, соған сеніп, қысқа көмір де алмаған. Негізі, келісім бойынша, жаңа жылды табиғи газбен қарсы алулары қажет еді. Бірақ...
Қалипа Дәулетиярова, Көкқайнар ауылының тұрғыны:
- Көшемізбен ақша жинап бергенбіз. Міне, екі жылға кетті. Әлі бізге газ келген жоқ.
Жұрт жалпы соммасы 6 миллион теңгені мына кісіге берген. Ал, Талғат Байбатжанов мердігер компания мен тұрғындар арасындағы делдал болып шықты. Жұртпен келісім-шарт жасаған да сол екен. Расымен, келісімнен соң, ауылға газ құбыры тартыла бастапты. Бірақ, басталған жұмыс аяқсыз қалған.
-Сөйтсек, газ тартуды мойнына алған компанияның о баста рұқсаты болмаған. Соның кесірінен, жұмысты соңына дейін аяқтамай, тығырыққа тірелген басшылары ақыры жұрттың құжаттарын өзге мердігерге сатып тыныпты. Тіпті, бұл туралы тұрғындарға бір ауыз ескертпеген. Ал, жауапты жаңа компания мұнда газ кіргізудің орнына, орнатылып қойған құбырларды шетінен кесіп кеткен.
Қызығы сол, газ тартуға заңды рұқсаты жоқ бастапқы компанияны жұртқа 2 жыл бұрын шенеуніктердің өздері таныстырған екен. Ал, әкімдік бастарын алып қашып отыр. Айтуларынша, бұл компаниялардың ешқайсысына рұқсат бермеген. Енді, жұрттың көгілдір отынсыз қалуына кімнің кінәлі екені түсініксіз. Әр үйден жиналған қаржыны да ешкім қайтармақ емес.
Дияс Жақыпбеков, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
-Техникалық құжаттары бар компания келіп, әр тұрғынмен жеке келісімшартқа отырады. Сол кезде ғана бұл жұмыс жүзеге асырылады.
Соған қарағанда, Көкқайнар тұрғындары үшін орындалмас арманға айналған газ мәселесі биыл да шешілмей қалайын деп тұр.
Фото: www.discred.ru