Петропавлда жаңа полиэтилен су құбыры жарылып, қала көшелері судың астында қалды. Бір қызығы, небәрі жарты сағатта орталық көшелерді көлге айналдырған апаттың себебі әлі анықталмаған. Қаладағы төтенше жағдайдан қақаған қыста бірнеше баспана тағы сусыз қалды. Өйткені бұл жыл басталмай жатып қаладағы су желісінде болған үшінші апат, деп жазады 31 арна.
Бұл қаланың орталық көшелерінің бірі. Мұнда құбыр жарылып, жарты сағатта-ақ атқылаған су бес бірдей көшеге қатты қарқынмен лап қоя берген.
- Құбырларды салған кезде селқос қараған шығар. Біздің климатқа сәйкес технологияларды сақтауды білмейді. Орнатқан адамдарды жауапқа тарту керек деп ойлаймын.
- Жылда асфальт төсеп алғаннан кейін, осылай бәрін қайта қазады. Қысқа дайындалдық дегендері осы ғой. Сусыз отыру қиын екенін түсінбейді.
Ал коммуналдық қызметтің мамандары көшеге аққан суды түнімен Есіл өзеніне ағызып әлек болды.
Мамандар бұл жолы жаңа жылда жарылған құбырдың басқа жері жарылып, апатты жағдайдың содан туындағанын айтады. Олар о баста сегіз жыл бұрын салынған құбырда ақауы болуы мүмкін деп мойындаған. Енді диаметрі 800 милиметр құбырдағы саңылауды қызметкерлер қайта жамаймыз-, дейді. Ол үшін былтыр ғана төселген тас жол қайта бұзылып жатыр. Сондықтан бірнеше баспанада судың қысымы төмендеп қалған. Ал қаланың орталығындағы бес үй мүлде сусыз отыр.
АЛЕКСАНДР СУПОНИН, "Қызылжар су" ЖШС учаскісінің басшысы:
- Құбыр дұрыс болған. Қазір анықталуда.Әзірге ештеңе айта алмаймын. 7-8 жыл бұрын желі қосылған. Не болғанын өзіміз де білмейміз. Ауа-райы кері әсер етуі мүмкін.
РУСЛАН ЖАСҰЛАНҰЛЫ, Тілші:
- Бұл 10 күнде болған үшінші апат. Мына көшеде 8 жыл бұрын салынған жап-жаңа құбыр бір апта бұрын ғана ана жерден жарылған еді. 50 жыл қызмет етуі тиіс болған желі. Алғашқы рет ақау болған жерді тек бір аптадан соң іздеп тапты. Енді шамамен 200 метр жерде сол желіде екінші рет апат болып отыр. Сол себепті осы маңдағы үйдің тұрғындары бірнеше рет жамалған құбырдың тағы жарылуына ешкім кепіл емес дейді.
Фото: TJournal