Қоғамдық тәртіп ережелерін бұзуды анықтау мақсатында елордалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторлары күнделікті негізде әкімшілік учаскелерінде профилактикалық рейдтер мен тексерулер өткізеді. Осындай шара барысында тұрғын үйлердің кіреберістерінде тұрғындардың темекі тартуымен байланысты бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп жазады zakon.kz.
Атап айтқанда, Досмұхамедұлы көшесінде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің 44 жастағы тұрғынына айыппұл салынды. Полиция қызметкерлері жекелеген қоғамдық орындарда темекі тартуға салынған тыйымды бұзғаны үшін ер адамды ҚР ӘҚБК 441 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Осылайша, заң бұзушы 3 АЕК (6807 теңге) көлемінде айыппұл төлейтін болады. Жыл ішінде аталған бапты қайталап бұзған жағдайда 6 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Жыл басынан бері Астана қ. ІІД ЖПҚ қызметкерлері рұқсат етілмеген орындарда темекі тартқаны үшін 100-ге жуық, 2016 жылы 17 220 құқық бұзушыны анықтады.
Еске салсақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 159 бабының 5 тармағына сәйкес, мәдени-бұқаралық нысандардың аумағында және белгіленбеген орындарда темекі тартуға тыйым салынған: тұрғын үйлердің кіреберістерінде, жолаушыларды тасымалдау барысында автобустардың, такси көліктерінің салондарында және т.б.
Құқық бұзушылық анықталған жағдайда жақын маңдағы учаскелік бекетке немесе 102 номеріне хабарласу қажет.
Фото: radiovesti.ru