Атырауда жұртты жолынан қалдырған ұшқыштар қонақүйде жатып алып ішімдік ішкен

Рейстің әуелі екі сағатқа, кейін тіпті келесі тәулікке қалдырылуына ұшқыштардың спирттік ішімдік ішіп алуы себеп болыпты.
Ішімдік ішкен ұшқыштар жұртты жолынан қалдырды. Атыраудан Ақтөбе арқылы Шымкентке ұшуы тиіс «Қазақэйр» әуе компаниясының ұшағы дер кезінде ұшпай, жолаушылардың ашу-ызасын тудырды, деп жазады КТК телеарнасы.
Раушан, жолаушы:

- Экипажды күтіп отырмыз дейді. Қанша ұшып жүрсем де, мұндайды бірінші рет көріп тұрмын. Техикалық ақау да емес, ауа-райының қолайсыздығы да емес, экипажды күту деген не?! Ұшқыштардың кешеден бері қонақ үйде ішіп жатқанын көргендер бар. Енді бастары ауырып, жағдайлары болмай жатқан шығар.

Рейстің әуелі екі сағатқа, кейін тіпті келесі тәулікке қалдырылуына ұшқыштардың спирттік ішімдік ішіп алуы себеп болыпты. Қаладағы қымбат қонақ үйлердің бірінде көңіл көтерген испаниялық ұшқыштар осылайша 40-тан астам жолаушыны діттеген жеріне дер кезінде жеткізе алмады. Ал ашуға мінген жолаушыларды сабырға шақырған компания өкілдері оларға жатын жер мен ас-судың, ақшасын төлеуге уәде еткен. Сондай-ақ, экипаж мүшелерін де алмастырып, тез арада олқылықтың орнын толтырамыз деп сендіріпті. Ақырында, бүгін таң ата экипаж мүшелері түгел ауыстырылған ұшақ жолаушыларымен Атыраудан ұшып кетті. «Қазақэйр» компаниясының өкілдері болса, ұшқыш арақ ішпеген дейді. Бірақ қызметтік тексеріс жүргізіп жатқанын ескертті. Ал Атырау облыстық наркологиялық диспансеріндегілер ұшқыштың ішкенін анықтаған.

Әли Шаңгереев, Атырау облыстық наркологиялық диспансерінің дәрігері:

- «Қазақэйр» компаниясының фельдшері күдіктеніп, 44 жастағы Испания азаматын медициналық куәландыруға алып келді. Қажетті тексерістерді өткізген кезде ұшқыштың алькоголдік ішімдік ішкені анықталды. Бірақ одан мас болу белгілері білінбеді. Ал, мұндай жағдайда ұшқышты рейске жіберу жағын әуе компаниясының басшылығы өздері шешеді.

Фото: Joinfo.ua


Следите за новостями zakon.kz в: