Қызылжар көктемде қызыл судың астында қалуы мүмкін. Мамандардың бұл болжамы былтырғы тасқынның зардабын тартқан жұртты алаңдатып отыр. Өйткені биылғы жағдай өткен жылғыдан екі есе ушығуы ықтимал, деп жазады КТК телеарнасы.
Бұл – топырақтағы ылғал көлемі мен қыс бойы түскен қардың мөлшерін тексеріп барып жасалған болжам. Ол әдеттегіден 4 есе артық екен. Оның үстіне наурыздың басында-ақ күн күрт жылуы мүмкін. Егер синоптиктердің болжамы дәл келсе, 90-ға жуық елді-мекендегі бес мыңдай адамның тағдыры қыл үстінде тұр деген сөз. Естеріңізге салсақ, былтыр теріскейде 60 жыл болмаған тасқын салдарынан отыздан астам елді-мекенді су шайған. Соның салдарынан 400-дей отбасы үйлерінен безіп, баспанасыз қалған болатын. Өңірден өтетін 32 күре жолды да қар суы басты. Мұның зардабын жоюға Үкіметтен бір жарым миллиард теңге ақша жұмсалды. Ал биылғы жағдай былтырғыдан да сұмдық болады деген төтенше жағдай қызметкерлері сақырлаған аязға қарамастан тасқынның бетін қайтаратын шараларды қолға алып жатырмыз дейді.
Асхат Бәкішев, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
-Облыс бойынша 95 елді мекенді су басады деген болжам бар. Бұл ауылдарда бес мыңға жуық халық тұрады. Қазір олардың аты-жөндері, мал-мүлкінің тізімдері түзіліп жатыр. Эвакуациялануы мүмкін ауылдардың халқына ескерту жасап жатырмыз.
Фото: Elana.kz