Астанада жалған кәсіпкерлік контрагенттерінен мемлекет бюджетіне 96 033 767 теңге өндірілді, деп хабарлайды Baq.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты бөлігі –көлеңкелі экономика, соның ішінде жалған кәсіпкерлікке қарсы тұру.
Мәселен, аудан прокуратурасына «КПП-СТ» ЖШС-нің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы А. есімді азаматтың арызы келіп түсті.
Арызды қарау нәтижесінде, аудан прокуратурасы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «КПП-СТ» ЖШС-нің мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы талап арыз жолдады.
Сот талап-арызды толық қанағаттандырды.
Аудан прокуратурасы Астана қаласы мемлекеттік кірістер басқармасына заңды тұлғаның контрагенттерінің орындалуға тиіс міндеттемесін өндіріп алу туралы қадағалау актісін енгізді.
Сот осындай 24 талап-арызды қарады. Сот шешімдерінің заңды күшіне ену сәтінен бастап, прокурорлық қадағалау актілері бойынша контрагенттерден мемлекетке келтірген шығыны өндірілетін болады.
Бүгінгі күнге дейін прокурорлық шара қолдану бойынша жалған кәсіпкерлік контрагенттерінен мемлекет бюджетіне 96 033 767 теңге өндірілді.
Жалған кәсіпкерлікке қарсы іс-қимыл бойынша жұмыс аудан прокуратурасының назарында.
Фото: Baq.kz