Басқаны қойып, ұрылар енді мешіттерге ауысқан сияқты. Ондай жандар көбіне мұсылмандар құлшылық еткен кезде арам ойларын іске асырады екен. Соңғы жылдары мұндай оқиғалар жиілеп кеткен соң, имамдар мешіттерде бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алған. Нәтижесінде, камераның көмегімен ондаған ұры-қары бұлтартпас дәлелмен ұсталыпты, деп жазады 31 арна.
Көкшетаудың тұрғыны Есен Есіркеп түс кезінде мешіттегі терезенің жақтауына сөмкесін қалдырып, өзі дәрет алуға кетеді. Бірақ намаздан шыққан азамат сөмкесін тексеріп көру ойына да келмегенін айтады. Әмиянымдағы ақшаның ұрланғанын тек базарға барғанда бірақ білдім дейді.
ЕСЕН ЕСІРКЕП, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Бесін намазынан кейін, базарға бардым. Керекті затымды алайын деп, әмиянымды ашып қарасам, 10 мың теңгем жоқ. Ұстаздар, сол жердегі имамдар абай болыңдар, сақ болыңдар деп айтатын. Осы оқиғадан кейін, көзім анық жетті. Мешітке сөйтсем, біреу жақсы ниетпен, біреу жаман ниетпен келеді екен.
Абай болыңдар деп ескерткен мешіт қызметкерлері, сақтық үшін бейнебақылау камерасын да орнатқан. Сондай камералардың біріне Есеннің ақшасын ұрлаған ұрының іс-әрекеті жызылып қалыпты. Жазбада ер адамның сөмкеден ақша алып жатқандығы байқалады. Одан соң күдік келтірмес үшін құлшылық қылып жүргендей сыңай танытады. Бейнежазбаның көмегімен ұрының кім екені анықталып, оны полиция қызметкерлері іздестіріп жатыр. Ал мешіт қызметкерлері, мұндай адамдар шынайы мұсылмандардан емес дейді. Олардың мешітке арам ниетпен келген әрі ұрлықты кәсіпке айналдырған нағыз баукеспелер екенін айтады.
ЕРБОЛАТ ШӘРІПОВ, Көкшетау қаласындағы Науан Хазрет атындағы мешіттің іс басқарушысы:
- Қылмыс жасайтын болса, олар әрине намазхандардан емес. Шариғатта ұрлық мәселесі үлкен күнә болып есептеледі. Өйткені Аллаға құлшылық еткен адам ол өлгенше ондай әрекетке бармайды. Әрине, біз айта аламыз, бұлар кім дегенде, бұлар сырттан келетін адамдар.
Ал, мына жазбадағы ұрының іс-әрекеті Алматыдағы мешіттердің бірінде болған оқиға. Жасы жиырма бестер шамасындағы жігіт ілулі тұрған сырт киімдердің қалталарын ақтарып, ақыры бірінен ұялы телефонды алады. Бейнебақылау камерасындағы бұлтартпас дәлелмен ұры ұсталып, өз кінәсін толық мойындады.
-Қай жерге тықтың қане көрсет. Тағы не алдың? Әмиянды қайда тықтың?
-Ақша алған жоқпын, тек сотка.
Соңғы кездері мұндай оқиғалар жиілеп кеткендіктен, мешіт қызметкерлері арам ниетті ұрылардан сақ болуға шақырады. Әсіресе, адам көп жиналатын жұма намаздарында мейлінше абай болуға кеңес береді.
Ерболат Асылбеков, Виктор Полянный