Павлодар облысының ауылдық аймақтарында екі бала көз жұмды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қызылжар ауылы отбасылық-дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Сәуле Ысқақованың айтуынша, шақырту бүгін сағат 8.20-да түскен.
- Біз келген кезде баланың демі үзіліп кеткен. Анасының сөзінше, күндіз үш жасар қыз баланың температурасы 39-ға дейін көтерілген. Ол өздігінің 37-ге дейін температурасын түсірген. Тамақтандырып болғаннан кейін ұйқыға шомған. Басқа ешбір шағым болмаған. Бұл жай ғана суық тию салдарынан деген оймен дәрігер шақыртпаған. Нақты диагнозды әзірге айта алмаймын. Жуық арада сараптама жүргізіледі, - деді Сәуле Ысқақова.
Лебяжі аудандық ауруханасы дәрігерінің орынбасары Айдын Кобайдарованың айтуынша, Лебяжі ауданы Черное ауылының медициналық қызметкерінің ұялы телефонына баланың ес-түссіз жатқаны туралы хабарлама 22-қаңтар күні сағат 21.08-де түскен. Ақ желеңді жеткен кезде 2016 жылы 8-ақпанда дүниеге келген ұл бала еденде жатқан. 11 айлық бала ешбір тіршілік белгісін бермеген.
- Анасы үлкен балаларымен әуенге билеп жүргенін айтады. Кенеттен ол құлап түсіп, көзі қарауыта бастаған. Баланың ата-анасының өтініші бойынша көлікпен сәбиді Павлодарға жеткізген. Павлодар ауданының Байдалы аулына жеткен кезде баланың денесі қалалық жедел жәрдем көлігіне тапсырылып, сол жақтан облыстық сот-сараптамалық ғимаратына жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша нәресте аяқ астынан көз жұмған, - дейді Айдын Кобайдарова.
Ақбота Сейсенбаева, Салима Истембекова
Фото: Рavlodarnews.kz