ҚР Ішкі істер министрлігі бас бостандығынан айыру мекемесінен аса қауіпті қылмыскерлер, оның ішінде педофилдің де қашып кеткендігі жайындағы ақпараттың жалған екендігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі WhatsApp арқылы таралған бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын хабарлайды. Бұл өсек, жалған мәлімет. Қазіргі уақытта Қазақстанда қашып кеткен қылмыскер жоқ», - деді комитеттің баспасөз хатшысы Ғалымжан Хасенов.
Сонымен қатар ол мұндай жалған ақпараттарды әлеуметтік желі арқылы тарататындар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма деген сауалға да жауап берді.
«Егер құзіретті органдар мұнымен айналысып, әлеуметтік желілерде осында ақпараттарды тарататындарды анықтайтын болса онда бұл жазаға ұшырататын әрекет. Бұл жалған мәлімет қой», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан түрмесінен аса қауіпті қылмыскерлердің, оның ішінде педофильдердің де қашып кеткендігі туралы ақпарат түрлі мессенджерлер, оның ішінде WhatsApp арқылы да таралуда.
Ақпаратта оларды полиция іздеп жатқандығы, тіпті тікұшақ та пайдалану үстінде екендігі айтылған.
Фото: inform.kz